
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін өнер сайысы Алматы қаласының ең дарынды, креативті және өнерге құштар жастарын бір алаңда тоғыстырады. Фестивальға шаһардың 27 жоғары оқу орнынан, 25 колледжден 608 өтінім түскен. Жобаға 297 мыңнан аса студент қатысуға ниет білдірген. Олар вокал, хореография, мобилография, аспаптық орындау, театр бағыттары бойынша бақ сынады. Байқаудың жүлде қоры – 7 500 000 теңге.
Биыл аспапта орындау бағыты қазақтың біртуар композиторы, күйші-дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналды. Бұл бағыт бойынша 122 қатысушы өзара бақ сынасты. Топтық орындауда П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Желдірме» ансамблі, жеке орындауда да осы музыкалық колледждің студенті Нұрдана Скендір жүлделі 1-орынды иеленді.
Вокал бағыты бойынша 1-орынның жүлдесі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Рысбек Асқарға, хореография бағыты бойынша Қазақ бас сәулет құрылыс академиясы колледжінің «Dapamine» тобына, театр бағыты бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Qaganat» театрына, мобилография бағыты бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Мөлдір Өтеповаға табысталды.
Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек жылдан-жылға деңгейі жетіліп келе жатқан «Jas Gala» шығармашылық байқауының жастарға серпін берер маңызы туралы айта келіп, барша қатысушылар мен кеш қонақтарына өз алғысын білдірді.
«Jas Gala» байқауы жастар арасында жылдан-жылға үлкен сұранысқа ие болып келеді. Бұл тек шығармашылық дода ғана емес, болашақта жастар шығармашылығына жол ашатын үлкен мүмкіндік деп санаймыз. Биылғы байқаудың ерекшелігі, жеңімпаздар жүлделі сыйлықтардан бөлек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қолдауымен қаланың ауқымды әрі маңызды іс-шараларында өнер көрсететін болады.
Қаладағы жаңа таланттарды танып, үздік жастарды анықтауға мүмкіндік беретін бұл жоба бір айдан астам уақытқа созылды. Фестивальдың жабылу салтанатына белгілі, өнер және мәдениет қайраткерлері, танымал жұлдыздар, сондай-ақ қоғамдық және шығармашылық ортаның белсенді өкілдері қатысты.
АЛМАТЫ