
Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы 15,7 мың гектар, ал биылғы жылы 14,3 мың гектар жердің мақсатқа сай пайдаланылмай жатқаны анықталған. Мұндай учаскелер — ауыл шаруашылығы айналымына тартылмаған, инфрақұрылым немесе өндірістік жобаға айналдырылмаған бос жатқан аумақтар.
2024 жылы 4230 гектар жайылымдық жер мемлекеттік босалқы жер қорына қайтарылған. Оның ішінде 668,9 гектары жер иелерінің ерікті түрде қайтаруымен, ал 339,2 гектар жер Қонаев қалалық сотының шешімімен мемлекет меншігіне өтті.
Биыл жылдың басынан бері 1490 гектар жер сот шешімімен мемлекетке қайтарылса, 150 гектар жерді иелері өз еркімен берген.
Сонымен қатар 1121 гектар жерге қатысты материалдар Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, салық мөлшерлемесін 20 есеге дейін арттыру шаралары қарастырылған.
Бұл жұмыстардың мақсатына келер болсақ, жер – мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік ресурсы. Оны мақсатсыз иемдену немесе пайдаланбау – заң бұзушылық қана емес, қоғам игілігінен тыс қалдыруды білдіреді.
Мемлекет пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару арқылы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, инфрақұрылым жүргізуге және жайылым тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады.
Қонаев қаласы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жер пайдаланушыларға жерді тиімді игеру жөнінде талаптарды еске салды. Талап орындалмаған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданбақ.
Алматы облысы.