
«Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мәлімдеме жасады» - деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
«Баршаға мәлім, 2024 жылдың 9 қаңтарында Алатау қаласы құрылды. Оған Қонаев қаласы аумағындағы Заречный, Арна ауылдары толығымен енгізілді. Сәйкесінше, қала халқының саны азайды. 2023 жылы Қонаев тұрғындарының саны 70512 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65024-ке төмендеген. Алайда, халық саны қайта өсіп келе жатыр, қазіргі көрсеткіш 65934-ті құрап отыр. Осы себептен, халық арасында «Облыс орталығы өмір сүруге қолайсыз қала» деген жаңсақ пікір тудырмауларыңызды сұраймыз», - деп жазды әкімдік.
«Қонаевта күнделікті мәдени, спорттық шаралар өтіп жатыр. Оның ішінде жазғы және қыстық дрифт шоу, Оушенмэн, түрлі марафондар, жарыстар бар. Осының өзі-ақ қалаға жан біткенін көрсетеді. Тұрғындардың демалуына қолайлы орта жасалып, денешынықтырушылардың саны артқан. Оның дәлелі - Кроссфит алаңы мен жаңа жағажайлар. Шомылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Инвестициялық жобалар да жүзеге асуда. Тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алды. Тізбектеп айта берсек, көп әрине. Халық саны азайды деп айта салу – оңай. Ел ішінде не болып жатқанына аса мән беру қажет», – дейді қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сергей Горяной.
Тағы бір пікірмен «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы бөлісті. Жас маманның сөзінше, қала халқының бірлігі бекем, тіршілігі таудай.
«Қонаев қаласының тұрғындары әрқашан бірлесе қызмет етеді. Оны азаматтық ұстанымдарынан аңғаруға болады. Қаладағы мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне бір кісідей атсалысады. Халық саны маңызды шығар, алайда, оның күнделікті тіршілігі одан да маңыздырақ. Бас жоспар бойынша тұрғындар саны 200 мың болады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 65 мыңнан асып тұрсақ, бұл межеге тезарада жетеміз. Жоспарда анықталғандай, «Жаңа Іле» аумағы игеріліп, Академиялық қалашық салынса, қоныстанушылардың саны артып, шаһар дамиды. Қазірдің өзінде даму қарқыны жаман емес», - деді Әділет Айтқазы.
Өз кезегінде әкімдік өкілдері жалған ақпарат таратып, әлеуметтік шиеленіс тудырғаны үшін ҚР заңнамалары шеңберінде жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Алматы облысы.