Президент • Кеше

Табиғат апаттарына қарсы күш жұмылдыру аса өзекті - Тоқаев

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері саммитіндегі сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Табиғат апаттарына қарсы күш жұмылдыру аса өзекті - Тоқаев

Фото: Ақорда

Президент мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру ісінде Ұйымның әлеуетін пайдалану қажет екеніне назар аударды.

Осы ретте Қазақстаннан Еуропа бағытында мұнай жеткізуді арттыру жобасын қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта халықаралық сарапшылар Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасын талқылап жүргенін атап өтіп, мұндай жобалар өте ауқымды және трансұлттық деңгейдегі ықпалдастықты талап ететінін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Биыл еліміз Каспий теңізі арқылы оптикалық-талшықты кабель тарту жобасын жүзеге асыра бастады. Соның нәтижесінде аймақтағы цифрлық байланыс нығая түседі.

«Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай, сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын», деді Президент.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде жиілеген табиғат апаттарына қарсы тұру үшін күш жұмылдыру мәселесі аса өзекті. Мәселен, соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі айтарлықтай төмендеп кетті. Бұл жағдай аймақтың экологиясы мен экономикасына, халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізіп жатыр. Президент түркі елдерін осыған қатысты бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ жобалар әзірлеуге үндеді.

Саммитте Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.