
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Қазіргі уақытта 105 білім беру нысанының құрылысы аяқталған. Қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Бұл мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынып жатыр. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласы заманауи жайлы білім беру ортасымен қамтылады.
«Бұл жоба – елімізде орта білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл — жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отырмыз», деді Ғани Бейсембаев Орталық коммуникация қызметінің алаңында өткен брифингте.
Бұл мектептеде оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім беру кеңістігі қамтылады. Мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда, 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы 4 есеге артық. Барлық мектеп заманауи жиһазбен және құрал-жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.
Ал мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынып жатыр.