Қоғам • 21 Мамыр, 2025

Қоғамдық тәртіпті нығайтудың жаңа қадамы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілісте қоғамдық палата отырысы өтіп, жиында «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер талқыланды. Құжатты Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын іске асыру аясында әзірлеген.

Қоғамдық тәртіпті нығайтудың жаңа қадамы

Сурет: facebook.com/mazhilis.kz

Депутат Айдос Сарымның төрағалы­ғы­мен өткен отырысқа қоғамдық палата мүшелерімен қатар заң жоба­лары жөніндегі жұмыс тобы, Мәжіліс пен барлық дең­гейдегі мәслихат депутаттары, мүдделі мемлекеттік орган­дардың, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жиында Айдос Сарым Қоғамдық палата өз жұмысы барысында құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбын түрлі аспекті бойынша, оның ішінде есірткі, ойынға тәуелділік, тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың таралуына қарсы күреске байланысты бірнеше рет талқы­лағанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында бұл мәселелерді бөлшектеп емес, жүйелі түрде шешу керек екенін баса айтты. Бүгінде бұл жұмыстың жүргізілуіне қатысты негізгі шағымдар бар, сондықтан осы заң пайда болды. Алда бізді үлкен реформа күтіп тұр, – деді А.Сарым.

Оның айтуынша, республиканың Құқықтық саясатын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік саясаттың басым бағыты – репрессиялық шаралардың алдын алуға екпін беру.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жиынға қатысушыларды «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» заң жобасы мен ілеспе түзетулердің ережелерімен таныстырды. Негізгі жоба аясында әкімдіктерге профилактикалық іс-шараларды қолдану құзыретін барлық мемлекеттік органға беру арқылы алдын алу саласында нақты өкілеттіктер беру, қылмыстың алдын алу жүйесін оңтайландыру ұсынылады.

Бұл ретте жаңа заң қабылданған кезде қол­­даныстағы бес заң күшін жояды. Олар­дың қатарында «Тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық­тың профилактикасы туралы» заң да бар. Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профес­соры, қоғамдық палата мүшесі Мүсі­лім Хасенов мұндай әдіс былтыр қабылданған әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша заңмен нығайтылған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің елімізде қалыптасқан жүйесіне нұқсан келтіретінін айтып қалды.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары Магеррам Магеррамов, Үнзила Шапақ, Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, Maqsut Narikbayev University Конституциялық және сая­си зерттеулер институтының директоры Әлия Оразбаева, Қазақстанның кәсіби әлеуметтік қызметкерлерінің Ұлт­тық альянсының атқарушы директоры Динара Есімова, «Парламентаризм инсти­туты» ШЖҚ» РМК атқарушы директоры Алмас Қанатов және басқалар құқық бұзу­шы­лықтың алдын алу саласындағы заңна­маға қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.

Жиын соңында А.Сарым отырыс барысында айтылған пікірлер мен сараптамалық қорытындылар қоғамдық палатаның қорытынды ұсынымдарында жинақталып, заң жобаларымен одан әрі жұмыс істеу үшін жұмыс тобына берілетінін айтты.