Білім • Бүгін, 11:50

Ел мектептерінде тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова білім беру ұйымдарына арналған Тамақтанудың жаңа стандарты мен үлгілік перспективалық мәзірді таныстырды. Бұл құжаттар Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша әзірленген және 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ел мектептерінде тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі

Фото: Ашық дереккөз

Министрдің айтуынша, жаңа стандарт халықаралық ұсынымдарға негізделген және балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, мәзірде қант мөлшері 3,6 есеге, ал тұз 5 есеге дейін азайтылады. Бұл өзгерістер семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары секілді созылмалы аурулардың даму қаупін төмендетуге ықпал етеді.

Жаңа нормалар бойынша:

  • Балалар арасындағы семіздік көрсеткіші 15%-ға;
  • Қант диабеті – 20%-ға;
  • Гипертония – 18%-ға;
  • Басқа да инфекциялық емес аурулар 15%-ға дейін азаяды деп күтіледі.

Сонымен қатар, стандартта шағын жинақты мектептер үшін арнайы мәзір, сондай-ақ мектеп тағамдарына оқушылардың қанағаттану деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін «Жеуге жарамсыздық индексі» ұғымы алғаш рет енгізілген. Бұл көрсеткіш оқушылар тұтынбаған тағам қалдықтары арқылы есептеледі.

Жаңа тамақтану тәртібі мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарға бірдей қолданылады және оқушылардың денсаулығын сақтауға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі.