
Фото: Түркістан облысының білім басқармасы
Жәнібектің айтуынша, мұндай жетістікке қол жеткізуінің басты себебі – тұрақты дайындық пен табандылық. Ол тестілеуге мақсатты түрде 10-сыныптан бастап дайындалып, бейіндік пән ретінде информатиканы таңдаған. Келешекте де осы саланы мамандық ретінде таңдап, Қазақстандағы IT бағытындағы жоғары оқу орындарының біріне түспек.
«Жәнібек Әбілхан арманына сенімді қадам басып келе жатқан, бастамашыл әрі жауапты оқушы. Ол уақытты тиімді пайдалануды біледі. Оның жетістігі өзге оқушылар үшін керемет үлгі бола алады. Біз Жәнібекті шын жүректен құттықтап, білім жолындағы жаңа табыстарға жетуін тілейміз», деді Түркістан облысының білім басқармасы өкілдері.
Жәнібек көп балалы отбасынан шыққан, бес баланың ішінде екіншісі.
«Жәнібек 1-сыныптан бастап біздің мектеп-гимназияда оқып, білімге ерекше ынта танытып, үнемі үздік нәтижелер көрсетіп отырды. Ол көп балалы отбасында өсіп, ҰБТ-дан осындай керемет нәтижеге тек өз күш-жігерінің арқасында жетті. Бұл – мақсатқа ұмтылудың, еңбекқорлықтың және жүйелі дайындықтың жарқын үлгісі», дейді сынып жетекшісі Гүлзира Бортай.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады.