Аймақтар • 20 Мамыр, 2025

Қызылорда облысында 15 мың гектардан астам егістік жер қалпына келтірілді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалағаш ауданында Сырдария өзені бассейніндегі ирригациялық және дренаждық жүйелерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, осы жұмыстар шеңберінде 1362,2 шақырым канал қайта жаңғыртылған, деп жазады Egemen.kz.

Қызылорда облысында 15 мың гектардан астам егістік жер қалпына келтірілді

Фото: ult.kz

Сондай-ақ 14 617 шағын гидротехникалық нысан ауыстырылып, жаңадан салынған. 327,86 шақырым коллектор мен 151 бақылау ұңғымасы қалпына келтірілген.

«Бұл жұмыстар Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында атқарылды. Осыған ұқсас жобалар Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында да жүргізіліп жатыр. Осының арқасында 105 мың гектардан астам жердің суармалы жағдайы жақсарады. Бүгінгі таңда бұл жобалардың 86%-ы аяқталды. Қазірдің өзінде 79,15 мың гектар егістікке су жеткізу жақсарып, жылына 201,8 млн текше метр су үнемдеуге жағдай жасалды», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Осы жұмыстардың нәтижесінде жалпы көлемі 15,1 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен жабдықтау деңгейі мен мелиоративтік жағдайы жақсарған. Суармалы жерлер толық игерілген. Жоба су шығынын 30 пайызға дейін азайту арқылы жылына шамамен 95 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жергілікті шаруа қожалықтары атқарылған жұмыс нәтижесіне оң баға беріп отыр.

«Каналдарды тазарту, шлюздер орнату және басқа да жұмыстардың арқасында су жеткізу 35-40 пайызға жақсарды. Бұл жүйе диқандарға су тапшы болсада жұмыс істеуге көмектеседі. Жалпы нәтижелер өте жақсы», деді жергілікті шаруа қожалығының агрономы Сұлтанбек Үсенов.