
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Энергия көздерін тек жел мен гидроэнергетикамен шектеу – Еуропа үшін қауіпті таңдау. Климаттың өзгеруіне байланысты ауа райының тұрақсыздығы, геосаяси тәуекелдер және технологиялық іркілістер мұндай тәсілді тиімсіз етеді. Экологиялық тұрғыдан таза болу үшін әртараптандыру қажет. Жел, күн, геотермалдық энергия, жасыл сутегі – мұның бәрі тұрақты энергетикалық болашақтың бір бөлігі болуы керек.
Мамырдың соңында Астанада халықаралық форум өтеді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Жиын барысында 39 панельдік сессия ұйымдастырылмақ. Оның онына әлемдік көшбасшылар келеді деп жоспарланып отыр.
Форум бағдарламасы «Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік», «Энергетика және климаттың өзгеруі», «Экономика және қаржы» деп аталатын үш негізгі тақырыптан тұрады. Климаттық саясат департаментінің директоры Сәуле Сәбиеваның айтуынша, осы форумда жаһандық қауіпсіздік тақырыбында энергетикаға баса мән беріледі.
– Астана форумы – бұл әлемдік деңгейдегі маңызды диалог алаңы, онда әлемдік көшбасшылар, инвесторлар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар тұрақты даму, жасыл экономика және климаттың өзгеруі мәселелерін талқылайды. Сарапшының пікірінше, форумның басты мақсаты – климаттың өзгеруі мен тұрақты даму мәселелеріне назар аудару. Бұл тақырыптар қазіргі әлемдік күн тәртібінде ерекше орын алады, өйткені климаттың өзгеруі адамзат болашағына тікелей әсер етеді. Қазақстанның бұл форумдағы рөлі ерекше. 2016 жылы ел Париж келісіміне қосылып, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға міндеттеме алды. Бұл келісім аясында Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға қысқартуға тиіс. Қазіргі уақытта елдегі жылдық парниктік газдар шығарындылары шамамен 340 млн тоннаны құрайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 325 млн тоннаға дейін төмендету мақсаты тұр. Ол мақсатқа жету үшін еліміздің энергетика, өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салаларында шығарындыларды азайту қажет, – дейді директор.
Еліміз – мұнай мен газға бай ел. Бірақ бүгінде ол жасыл энергияға бет бұрып отыр. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан 2030 жылға қарай энергетикалық балансындағы жаңартылатын энергия үлесін 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізуді көздейді. Бұл мақсатқа жету үшін ел жаңа технологиялар мен халықаралық серіктестікке сүйенеді. Маңғыстау облысында іске қосылатын «Hyrasia One» жобасы – Қазақстанның жасыл энергияға деген ұмтылысының айқын дәлелі. Бұл жоба 50 млрд еуро көлеміндегі инвестицияны қажет етеді және 2030 жылы іске қосылуға тиіс. Жобаның мақсаты – жасыл сутегіні өндіру және оны экспорттау. Жаһандық жасыл энергия нарығында маңызды ойыншыға айналуына мүмкіндік береді. Халықаралық сарапшы Айдар Құрмашевтің осы жолда орта державалардың маңызы зор дейді.
– Орта державалар жаһандық жүйедегі тұрақтандырушы және делдал рөлін атқарады. Олар үлкен державалар арасында тепе-теңдікті сақтап, аймақтық және жаһандық бастамаларға белсенді араласады. Осы арқылы жаңа күш орталықтарын қалыптастырып жатыр. Бүкіліне ортақ ұмтылыс – технологиялық тәуелсіздік, адами капиталды дамыту және экспортты кеңейту. Бірақ даму модельдері әртүрлі: Корея – инновация мен білімге, Түркия – өнеркәсіп пен әскери өндіріске, ал Қазақстан логистика, энергетика мен тұрақты дамуға басымдық береді. Бұл айырмашылықтар ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстан ашықтыққа, әртараптандыру мен аймақтық көшбасшылыққа негізделген саясат жүргізіп отыр. Бұл елді энергетика, транзит, сутегі экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігі бағыттарында әлемдік үдерістердің маңызды қатысушысына айналдырды. Әсіресе Азия мен Еуропаны жалғайтын Орта дәлізді дамытуға қатысуымыз – әлемдік жеткізу тізбегіне елеулі ықпал етеді. Бұл бағыт 2024 жылы 4,5 млн тонна жүк тасымалдап, 2023 жылмен салыстырғанда 62% өсім көрсетті, – деп түсіндірді ол.
Сол себепті де еліміз тек Еуропамен шектелмей, Қытай, БАӘ және Азия Даму банкімен де жасыл энергия жобаларын дамытып отыр. Бұл елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңартуға және жаңартылатын энергия өндірісін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар Әзербайжан және Өзбекстанмен бірлесіп, Каспий теңізінің астынан өтетін суасты кабелі арқылы Еуропаға жасыл энергия жеткізу жобасы қарастырылып отыр.
– Энергетика, азық-түлік және көлік сияқты стратегиялық салаларда мұндай кооперация аса маңызды. Астана форумы – осындай өзара шешімдер үшін тұрақты платформаға айналуы мүмкін. Қазірдің өзінде көпжақты коалициялар мен ынтымақтастық механизмдері қалыптасып жатыр. Мысалы, орта державаларға арналған Еуразиялық инвестициялық қор немесе ортақ цифрлық кеңістік құру идеясы – болашағы бар бағыттар. AIF сияқты форумдар – осы үдерістерге серпін беріп, ұзақмерзімді серіктестіктерге жол ашады. Орта державалар бір-біріне үздік тәжірибелермен алмасу, бірлескен ғылыми орталықтар құру, халықаралық ұйымдарда үйлесімді дипломатиялық қадамдар арқылы көмектесе алады. Бұл – үлкен державаларға қарағанда шектеулі ресурстардың орнын тиімді ынтымақтастықпен толтыру жолы, – дейді А.Құрмашев.