Көрме • 17 Мамыр, 2025

Отты жылдар шежіресі

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын бейнелеген Қазақстан суретшілері шығармаларының бірегей коллекциясына ие. Оның едәуір бөлігі Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңістің жұлдызды сәті» атты ауқымды көрмесінде ұсынылды.

Отты жылдар шежіресі

Көрмедегі сурет, графика және мүсін өнеріндегі шығармалар халықтың басындағы қилы кезең мен ерлікке толы оқиғаларды әр түрлі буындағы суретшілердің көзімен шынайы көрсетеді. Соғыс тақырыбына арналған көрмелер музейде жыл сайын өткізіледі, себебі бұл – тарих тізбегіндегі тұтас ұрпақ үшін  маңызын жоймайтын құнды естелік.

Жоғары кәсіби деңгейде орын­далған туындылардың өзе­гінде жанды өмір бар, әр деталь қарапайымдылық пен ­шы­найы­лыққа толы, трагизм­мен, поэтикалық мазмұнмен өріл­­ген өнер туындыларындағы тү­йін біреу – ерлікті көрсету. ­Олар Отан алдындағы парыз тура­лы, ел басына төнген қауіп, озбыр басқыншыны жеңген халық­тың жеңісі мен салтанаты туралы айтады.

Экспозицияда В. Антощенко-Оленев, А.Бақтығалиев, Р.Велика­нова, Н.Гаев, А.Дроздов, П.Зальц­ман, Қ.Каметов, Ә.Қастеев, ­М.Ки­са­мединов және басқа да автор­­лардың графикалық жұ­мыс­та­ры маңызды орын алады. Бұл шығармалардың бірқата­ры көпшілікке алғаш рет ұсыны­лып отыр. М.Калимов, В.Киреев, Қ.Телжанов, Е.Төлепбай, М.Хи­та­хунов және басқа да сурет­ші­лердің бұрыннан белгілі кейбір кескіндеме жұмыстары графикалық парақтармен бірік­тірілген.

Экспозицияда еліміздің же­текші мүсіншілері — Е.Мерге­нов пен С.Сергебаевтың мүсін­дік композициялары да көр­некі тұстан көз тартады. Жоба­ның орта­­лық бөлігінде Л.Калимо­ва­ның «Бата» гобелені орналасқан.

Көрменің медиа бөлімі Жеңіс жолында жауынгерлік рух пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, жауға қарсы атойлап шапқан батырлар ерлігін дәріптеуге арналған. Отты жылдардың өшпес шежіресін жазғандардың арасында  Қа­зақстан суретшілерінің есімі де құрметпен аталады, атап айтқанда, Ү.Әжиев, Н.Алек­сандров, П.Андриюк, П.Ан­тоненко, К.Баранов, И.Бонда­ренко, И.Виноградов, В.Воро­бихин, А.Горовых, П.Да­нилов, В.Дми­т­риев, А.Дроздов, А.Евдаков,  Д.Елькин, Р.Есіркеев, А.Заковряшин, Г.Иляев, А.Ильин, Д.Калачев, Ж.Қанапьянов, И.Квач­ко, Ш.Кенжебаев, В.Ко­ло­денко, В.Константинов, Г.Мак­­симов, П.Мариковский, Е.Мол­­даниязов, Р.Мейірманов, Н.На­сед­кин, В.Нестеров, Н.Нұрмұхам­медов және тағы басқалары бар.

Екі бөлімнен тұратын ме­диаэкспозиция соғыс қаһар­мандарының портреттік хроникасын, соғысқа қатысқан сурет­шілердің ерлігіне байланысты сұхбаттар мен деректі фильмдердің трансляциясы — көрерменге алыста қалған жыл­дардың оқиғаларын тереңі­рек сезінуге мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ