Көрме • 17 Мамыр, 2025

Тұрақтылық пен ішкі үндестік үйлесімі

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Мәңгілік көктем» – дарынды суретші, кескіндеме магистрі Индира Бадамбаеваның көрерменге тарту етіп отырған бесінші дербес көрмесі.

Тұрақтылық пен ішкі үндестік үйлесімі

Бұл – көктем мезгіліне арнал­ған, табиғатты тірі және нұр­лы кеңіс­тік ретінде қабыл­­дау идеясын жалғасты­ратын ерекше ­туындылар. Ә.Қастеев атындағы Мем­ле­кеттік өнер музейінде жасақтал­ған экспозицияға суретшінің 2008–2025 жылдар аралығында дүниеге кел­ген 21 кескіндемесі енгізілген. Олар­дың арасында портреттер, пей­заж­­дар, гүлді композициялар және алле­­гория­лық туындылар бар. Көр­ме­­дегі әрбір жұмыс – көктемнің, оның жа­рығының, тынысының жеке күнделігі
іспетті.

Индира Бадамбаева – кескіндеме және графика саласында тынымсыз еңбектеніп келе жатқан көп қырлы дарын иесі. Оның стилі академиялық мектептің, табиғатқа рухани категория ретінде қызығушылықтың және жарыққа деген ұмтылыстың тоғысқан тұсында қалыптасқан. Суретші пейзаж бен натюрмортқа да, мифологиялық бейнелер мен форманың ішкі қозғалысы оқылатын тұжырымдамалық сериялар жасауға да қызығушылық танытады.

«Мәңгілік көктем» көрмесі – уақыт­тан тыс кеңістіктің рәмізі ре­тінде бақ­тың бейнесіне арналған көркем және кескіндемелік айналым. Гүлдер (гүл­шетен, бақбақ, түймедақ, лалагүл) сәндік немесе тұрмыстық элементтер ретінде емес, жарық пен тыны­сы сыртына тепкен тірі жаратылыс ретінде ұсынылған. Олардың бей­несі жанрлық шеңберлерден тыс, бұл туындыларды тыныштық пен ішкі оянудың тұтас ағыны ретінде де қабылдауға болады. Түстік палитра жұмсақ реңктер­ден қанық жасыл және ашық алтын түстес бояуға дейін құбылады. Түстер­ді ойната білу шебер­лігі француз им­прессионизмі­нің, ең алдымен, Клод Моненің әсерін көрсетеді. Деген­мен, Индира өткінші сәттілікке емес, тұрақтылық пен ішкі үндестікке ұмтылады», – дейді көрменің жетекшісі С.Сырғабаев.

Суретшінің өзі: «Моне Жаратушыға жақын», – деп атап өтіп, кескіндеме арқылы тірі бастауға жақындауға болатынын өз талпынысы негізінде көрсетеді.

Индира Бадамбаева – бірнеше мәрте республикалық және халық­аралық жоба­ларға қатысқан, «Гүлдер елі» атты арт-бояу кітабының және «Harper’s Bazaar Kazakhstan» журналы мұқаба­сының авторы, сондай-ақ «Көк ту» бейнебаяны мен «Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі» жобасы сияқты бірқатар мәдени бастамалардың тең авторы. Сурет­шінің жұмыстары Ұлы­британия, Испания, Италия, Герма­ния, АҚШ және басқа да елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы.

 

АЛМАТЫ