
Мирас – «Kazrockets» білім беру жобасы мен «RocketTech» стартапының негізін қалаушылардың бірі. Алғашқысы – оқушылар мен студенттерге арналған аэроғарыштық турнирлер ұйымдастыратын бастама болса, екіншісі – жас өнертапқыштарға арналған зымыран модельдерінің жинақтарын әзірлейтін кәсіп. Бұл жобалардың түпкі мақсаты – жастардың инженерлік қабілетін дамыту мен ғылымға деген ынтасын арттыру.
«Ғарыш – инженериямен танысудың тамаша тәсілі»
Кейіпкеріміз Astana IT University-ді «Өндірістік автоматтандыру» мамандығынан тәмамдаған. Студент кезінен бастап жұмыс істеп, халықаралық EdTech компаниясында балаларға арналған кіріспе сабақ беріп еңбек жолын бастаған. Кейін жекеменшік мектепте роботтехниканы үйретумен айналысқан.
«Мектепте оқып жүргенде WRO және Robocon сияқты халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп жүрдім. Бұл – бұл оқушылар мен студенттер өз роботтарын жасап, оларды іске қосатын ірі турнирлер. Кейінірек мектептерге арналған білім беру шешімдерін жасайтын компанияларда жоба менеджері болдым», дейді Мирас.
«Стартапқа достарымның шақыруымен келдім – біз мектептік инженерлік жарыстарға бірге қатысқан едік. Осылайша KAZROCKETS тарихы басталды: балалар жасаған қолмен жасалған зымырандарды ұшыру бойынша мастер-кластар мен турнирлер өткіздік. 2024 жылы біздің жарыстарымызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 350-ден астам команда қатысты. Уақыт өте келе, бұл тақырыпқа үлкен қызығушылық пен қолжетімді білім беру шешімдерінің жетіспеушілігін байқадық. Осылайша екінші жоба – RocketTech пайда болды. Бұл балаларға қауіпсіз материалдардан қарапайым зымыран модельдерін құрастыруға және оларды далада ұшыруға мүмкіндік беретін жинақтар», дейді өнертапқыш.
Бір қызығы Мирас алғашқы тапсырыстарын үйінің жертөлесінде жинап бастаған. Арнаулы цехты жалға алу ауыр соққан кейін жастар қолда бар мүмкіндікті пайдаланған. Қазір шығармашылық топтың өнертабысы 40 мектепте қолданылады. Олардың көпшілігі елдің шалғай аймақтарында орналасқан.
«Менің жұмысымдағы ең шабыттандыратын нәрсе – балалар. Оларға ортақ тіл табу оңай, олардың ойы мен мақсатын түсінемін. Ғарыш – инженериямен танысудың тамаша тәсілі. Зымырандар кез келген баланы бірден қызықтырады. Бірде есептеп көрдім: біз 40-50 мың оқушы мен студентті оқытыппыз.
Кемшілікті артықшылыққа айналдырған
Өнертапқыштардың тобын басқарып, олардың әлеуетін тиімді пайдалану көшбасшылық қасиетті талап етеді. Әдетте шығармашыл адамдардың әлеуметпен байланысы бірден орныға бермейді. Осы орайда Мирастың бұл мәселені қалай шешкенін сұрап білдік.
«Жақсы басшы нақты қандай қасиеттерге ие болуы керек екенін нақты айта алмаймын. Бірақ маған кейбіреулер кемшілік деп санайтын қасиеттер көмектеседі. Мысалы, менде назар тапшылығы және гиперактивтілік синдромы бар. Бұл – бір нәрсеге ұзақ уақыт назар салу қиын болатын жағдай. Алайда мен мұның жақсы жағынан қолдана білемін. Осының арқасында мен цехта зымырандарды жинап, бір минуттан кейін наноспутниктер жасаудан халықаралық жарыс тұжырымдамасын жаза аламын», дейді Мирас.
Сенімділік – басты қағида
Жас өнертапқыш келіссөздерде басқа әріптестерінің жасы едәуір үлкен болғаннан кейін бастапқыда олардың мысы басқандығын жасырмады. Бірақ өз-өзіне сенімділіктің арқасында Мирас бұл қолайсыздықтарды жеңіп шыққанға ұқсайды.
«Жаңадан бастағандарға кеңесім – өз жолыңызға назар аударыңыз. Басқалардың табысына алаңдамаңыз. «Үлгермей қаламын», «басқалардан төменмін» деген ойлар жігерді сындырады. Оның орнына өз тәжірибеңізді жетілдіріңіз», дейді ол өзінен кейінгі жастарға.
Иә, Мирас Нүсіпов – ғылым мен технологияны қызығушылықтан кәсіби бағдарға айналдыра білген жас буынның жарқын үлгісі. Оның зымыран құрастыруды үйрету арқылы балалардың бойындағы инженерлік қабілетті ашуға бағытталған еңбегі – ел ертеңіне жасалған зияткерлік салым. Қарапайым шеберханадан басталған идеяның бүгінде тұтас өңірлерге таралуы — білім мен табандылықтың, сенім мен сапаның нәтижесі.