Мектеп • 16 Мамыр, 2025

Қазақстан оқушылары биыл 362 медаль олжалаған

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2024-2025 оқу жылында дарынды балалар халықаралық олимпиадаларда 362 медаль, оның ішінде 41 алтын олжалаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан оқушылары биыл 362 медаль олжалаған

Фото: Oqu-agartu ministrligi

Айта кетсек, 2024 жылы беделді халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен 26 оқушыға 77,5 млн теңге және оларды дайындаған 24 мұғалімге 6,4 млн  теңге сыйақы берілген. Олимпиаданың алтын жүлдегерлері 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс медаль иегерлері – 1000 АЕК, ал қола медаль иегерлері 500 АЕК көлемінде сыйақы алған.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, олардың арасында Әлемдік және Азия деңгейіндегі олимпиадаларда ерекше білімімен, зеректігімен көзге түскен оқушылар:

Маңғыстау облысынан Рамазан Бутантаев – Азия-Тынық мұхиты аймағының «Ең мықты лингвисі» ретінде танылған.

Елордалық 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында «Ең үздік қатысушы» атанған.

Шығыс Қазақстан өңірінің оқушысы Алдияр Амангелді Орталық Азияның «Ең үздік информатигі» мәртебесіне ие болған.

Маңғыстау облысынан Мендіғали Қалдыбай химия пәні бойынша зертханалық жұмыстан 40 елдің қатысушылары арасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, «Ең үздік практик» атанған.

Бұдан бөлек, Қазақстан оқушылар химия пәнінен ең беделді халықаралық олимпиадада екі мәрте чемпион атанған және First Global Challenge робототехника чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы болған.