
Сурет: qazaly.kz
Өзбекстандағы халықаралық форумға 30-дан астам елден сарапшы, кәсіпкер, мемлекеттік орган өкілдері, энергетика саласының мамандары қатысты. Сессиялар мен панельдік талқылауларда 90-ға тарта спикер сөз сөйледі. Іс-шара аясында жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі, аймақтық ынтымақтастық және болашақ энергетикалық шешімдер сынды маңызды мәселелер қаралды. Осылайша, форум қатысушылары саланың даму келешегін талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Еліміздің Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Өзбекстанның энергетикалық апталығы» (CAEx) көрмесінің жұмысына арнайы қатысты. Онда қазақстандық компаниялардың стендтеріне назар аударып, олардың саланы дамытуға және инновациялық жобаларды іске асыруға қосқан үлесін атап өтіп, энергетика саласындағы заманауи технологиялар мен әзірлемелермен танысты.
Ташкенттегі халықаралық энергетикалық форум аясында Е.Ақкенженов өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды кездесу өткізді. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның энергетикалық және су ресурстарына жетекшілік ететін министрлердің жоспарлы үшжақты кездесуі ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша энергетикалық нысандар жұмысының келісілген режімдерін және алдағы вегетациялық кезеңге Сырдария өзені бассейнінде су бөлу тәртібін айқындайтын хаттамаға қол қойылды.
Бұл Су ресурстарын теңгерімді пайдалануды және Орталық Азияның энергия жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған үш елдің тұрақты ынтымақтастығы шеңберіндегі маңызды қадам болды. Мұндай режімдерді әр вегетациялық кезеңге дейін талқылау және келісу елдердің қазіргі гидрологиялық жағдайын және су мен энергетикалық ресурстарға деген қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
– Біз энергетикадағы технологиялық жаңалықтарды қадағалап, өндірушілерімізге қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Бұл секторды жаңғырту және өңірлік әріптестігімізді нығайту үшін маңызды, – деді Е.Ақкенженов.