
Кенептегі сырлы бояулар жанға жылылық сыйлайды. Жарқын палитра, тақырып таңдаудағы батылдық өмірдің арайлы сәттерін қанық түске бояп, бағалай білген жанға тіршіліктің әр минуты қайталанбас қуаныш екенін ұмытпауға шақырады. Суретшілердің образдық пайымдауларынан өнердің өрісі соншалықты кең екенін көресіз. Кескіндеме, графика жанрларында орындалған 100-ге жуық шығарманың тақырыбы ортақ болғанымен, айтар ойы сан алуан.
Расымен де, әр суретшінің дүниені қабылдауы бір-біріне ұқсамайды. «Судағы шеңберлер» тақырыбына бойлаған шеберлер бұл құбылысты реалистік тұрғыдан ғана емес, философиялық және экологиялық көзқараспен де бейнелеуге күш салған. Су бетіне таралған шеңберлер – кеңістікке таралатын ойлар секілді сезімдерді оятып, естеліктер тудырады. Бұл адамзаттың табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі мен байыпты қарым-қатынасына арналған толғамдар топтамасы.
«Шеңбер – әрқашан өмірдің белгілі бір тепе-теңдігін сақтайтын табиғат үйлесімі. Ол табиғат аясындағы су әлемінде кенеттен пайда болып, көзден ғайып болып кететін құбылыстардың мәңгілік айналымы. Судың бетіне жайыла таралған шеңбер – өзінің мәні бойынша жердегі өмірмен, ал табиғаттағы айналым «биоцентризммен» тікелей байланысты. Әр көктем сайын суретшілер жүректерінен шыққан жаңа өнер туындыларын жарыққа шығарады және жыл сайын көрменің тақырыбы өзгеріп тұрады», дейді жоба авторлары.
АЛМАТЫ