Көрме • Бүгін, 10:20

Астанада отандық өндірушілердің көрмесі өтеді

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертең, 16 мамырда, Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің дәстүрлі VIII «Ulttyq ónim» көрмесі басталады, деп хабарлайды Egemen.kz

Астанада отандық өндірушілердің көрмесі өтеді

фото: gov.kz

Ауқымды іс-шара 18 мамырға дейін жалғасады. Көрмеге 350-ден астам отандық өндіруші қатысып, өз өнімдерін ұсынып отыр.

Келушілер елімізде «Даму» қорының мемлекеттік бағдарламалары арқылы өндірілген тауарлардың кең ассортиментімен танысып, оларды сатып ала алады. Экспозицияда азық-түлік, жеңіл және химия өнеркәсібі өнімдерінен бастап, машина жасау, жабдық, зергерлік бұйымдар сияқты түрлі бағыттар қамтылған.

Көрмеге қатысушы ірі брендтердің қатарында — «Гормолзавод», «Aq Dam» ұлттық тәттілері, Galamilk, Altay Outwear туристік киімдері мен жабдықтары, зергерлік бұйым өндіруші «Balausa Jewelry», аккумулятор шығаратын «Қайнар АКБ» ЖШС, ирригациялық техникамен танымал «Su bereke», тұрмыстық химия өндіруші «Аврора», сондай-ақ тұрмыстық техника шығаратын «Almaty Turmystyq Tehnika zavody» ЖШС бар.

Іс-шара аясында кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар панельдік сессиялар ұйымдастырылады. Оларға отандық және шетелдік сарапшылар қатысып, Қазақстандағы бизнестің негізгі үрдістері мен даму мүмкіндіктерін талқылайды.

Сонымен қатар, көрме шеңберінде «Халық Таңдауы» атты дәм тату байқауы, сән көрсетілімдері, кәсіпкерлерге арналған шеберлік сабақтары, күн сайынғы ұтыс ойындары мен концерттік бағдарламалар өтеді.

Көрме аясында мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдаудың нақты нәтижелері де көрсетілуде. Мәселен, 2024 жылдың өзінде ғана «Даму» қоры арқылы 29,5 мың жоба 1,7 трлн теңге сомасында несиемен қамтылды. Бұл мақсатқа 590 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 25,4 трлн теңгеге өнім өндіріліп, 1,7 трлн теңге салық төленіп, 9,7 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Жалпы алғанда, мемлекеттік қолдаудың арқасында 225 мыңнан астам кәсіпкерге көмек көрсетілген. Несиеге ие болған жобалардың жалпы құны – 14,1 трлн теңге. Бұл арқылы 220 мың жаңа жұмыс орны құрылып, 1,2 миллионнан астам жұмыс орны сақталып отыр. Сонымен қатар, 130 трлн теңгеден астам сомаға өнім өндіріліп, 9 трлн теңге көлемінде салық төленген.

«Ulttyq ónim» көрмесі жыл сайын отандық кәсіпкерлік пен өнімдердің кеңінен танылуына жол ашып отыр. Іс-шараға қызығушылық та артып келеді: 2022 жылы көрмені 20 мың адам тамашаласа, 2023 жылы келушілер саны 22 мыңға жеткен. Сату көлемі де өсіп, 2022 жылғы 70 млн теңгеден 2023 жылы 74,1 млн теңгеге дейін ұлғайған.