
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Байыпты, бақуатты отбасы – қоғам өмірінің құрамдас бөлігі, мемлекеттің тұғырлы тірегі, ізгілікті іргетасы. Отбасы, отбасылық құндылықтар – кез келген адамның өмірін құрайтын, аса маңызды қазына. Ұлағат ұясы адамшылық абзал қасиеттерге, жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке, Отанға, өскен ортаға, үлкенге деген сый-құрметке тәрбиелеп, азаматтық ұстанымдар мен гуманистік мұраттарға негізделген дүниетанымның негізін қалайды. Әрбір жан иесі отбасында өсіп-өнеді, отбасылық құндылықтар оның жан-жақты дамуына қажетті дағдыларды қалыптастырады. Өскелең ұрпақтың мінез-құлқы, болмыс-бітімі отбасында берілген тәлім-тәрбиенің айқын көрінісі, нақты жемісі. Халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөзі осы тұрғыда айтылған.
Мемлекет басшысы отбасындағы құндылықтарды сақтау, ұрпақты жан-жақты дамыту, ана мен баланы қорғау мемлекет саясатының басты бөлігі екенін айрықша атап өтіпті. «Түбірді тану, отбасылық дәстүрді қастерлеу халқымыздың өзін-өзі тануында қай уақытта да ерекше орын алған. Ал бүгінгі таңда ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. Мемлекет пен қоғамның міндеті – отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақты жан-жақты дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау. Ана мен баланы қорғау және қолдау – біздің саясатымыздың басты басымдықтарының бірі», дегені белгілі.
Отбасы мен бала құқығын қорғау мәселелері Президент бастамасымен қабылданған әлеуметтік заңнама, құжаттамаларда да ерекше көрініс тапқан. «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» – осы бағыттағы маңызды құжаттың бірі.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Отбасы құндылықтарының насихатталуы – ұлттық идеологияның маңызды бөлігі. Мемлекет пен қоғам отбасының рөлін күшейту, оның беріктігін сақтау, отбасы институтын дамыту бағытында түрлі бағдарламалар мен іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы барша баталы жұмыс отбасы – қоғамның іргетасы, ұлт болашағының кепілі деген қағиданы берік ұстанады.
Елімізде отбасы саясаты қашанда әлеуметтік даму стратегиясының негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ең басты бағдарламалардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы, жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп, үлгілі отбасыларды насихаттайды. Байқау отбасылық береке, ата-аналар мен балалар арасындағы сыйластық, бірлік, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды кеңінен дәріптейді. Айта кету керек, «Мерейлі отбасы» байқауы биыл бүгін, халықаралық Отбасы күнінде жарияланып, ұлттық Отбасы күнінде қорытындысы шығарылады.
Білім мекемелерінде отбасы тәрбиесі, рухани-адамгершілік тәрбие, салт-дәстүрге негізделген сабақтар мен тәрбиелік сағаттар жиі ұйымдастырылады. «Асыл тәрбие отбасыдан басталады» қағидасы негізінде мектептер мен ЖОО-ларда ата-аналармен бірлескен іс-шаралар өткізіледі.
Медиа саласында да отбасы құндылықтарын насихаттайтын телехабарлар, деректі фильмдер мен жобалар саны артып келеді. Отбасылық қарым-қатынас, ананың рөлі, әкенің жауапкершілігі, бала тәрбиесі туралы бағдарламалар кеңінен, тұрақты беріліп тұрады.
Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар – отбасы тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Халқымыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ», «Отбасының сәні – сыйластық, достың сәні – қимастық», «Отбасынан бас кетсе, қазаннан ас кетеді», «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деген нақыл сөздер арқылы отбасындағы тәрбиеге үлкен мән берген.
Мемлекет көпбалалы, аз қамтылған, мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Бұл отбасыларға жәрдемақы, тұрғын үй бағдарламалары, медициналық, білім беру жеңілдіктері ұсынылады. Мұның барлығы отбасылардың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. Еліміздің заңнамасында отбасы мен баланы қорғауға бағытталған арнайы ережелер мен нормалар бар. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылайды.
Бүгінде елімізде балалары бар отбасыларды қолдаудың мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар мен салық салу кезіндегі жеңілдіктер жүйесін, азаматтар өмірінің барлық кезеңдерінде әлеуметтік қорғаудың басқа да шараларын қамтитын кешенді моделі қалыптасқан. Айталық, республикалық бюджеттен бала тууға біржолғы жәрдемақы: 1, 2, 3 бала туған кезде – 149 416 теңге (38 АЕК), 4, одан да көп бала туған кезде – 247 716 теңге (63 АЕК); бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы: бірінші балаға – 22 649 теңге (5,76 АЕК), екіншісіне – 26 777 теңге (6,81 АЕК), үшіншісіне – 30 867 теңге (7,85 АЕК), төртінші, одан да көп балаға – 34 995 теңге (8,90 АЕК); 4, одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар – 63 030 теңгеден (16,03 АЕК), көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылар белгіленген.
2024 жылы 1,1 млн-нан аса адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 622 млрд теңге көлемінде төлем алды (2023 жылмен салыстырғанда 32%-ға артық). Бұл төлемдер 5 әлеуметтік тәуекелді қамтиды: мүгедектік, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілік, босану және бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі. Сондай-ақ отбасы мұқтаж болған жағдайда жергілікті атқарушы органдар есебінен тұрғын үйге қатысты, қосымша әлеуметтік көмек көрсету көзделген.
Елімізде тұрмыстық қиындыққа тап болған отбасыларға көмек көрсететін, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысатын отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 2024 жылы ел бойынша 123,6 мың неке тіркелді (бір жыл бұрынғыға қарағанда 2,2%-ға көп), ажырасу саны соңғы 5 жылда 48%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштер – отбасылық құндылықтардың артып келе жатқанын, азаматтардың болашаққа деген сенімін көрсететін нышан.
Сондай-ақ көптеген үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар мен бірлестіктер отбасы құндылықтарын дәріптеу бағытында белсенді жұмыс істеп келеді. Отбасы мәселелеріне арналған семинарлар, тренингтер, форумдар жиі ұйымдастырылады. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы сынды мекемелер де отбасылық кеңес беру, психологиялық көмек көрсету, медиация қызметтерін ұсынып, ажырасу көрсеткішін төмендетуге ықпал етеді.
Елімізде отбасы құндылықтарын насихаттау – қоғамның рухани тұтастығын сақтаудың, ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиелеудің негізі. Мемлекеттік бағдарламалар, білім, ақпараттық науқан, ұлттық салт-дәстүрлер, әлеуметтік қолдау тетіктері арқылы отбасының рөлі тұрақты түрде күшейтіліп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс әрі қарай жалғасып, береке-бірлік берік орнаған бақытты отбасылар қоғамның іргетасы болып таныла, насихаттала береді.