
Ішкі жалпы өнім 4,8%-ға өсті
Алдымен жалпы отырысқа қатысушылар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылады. Құжат төңірегінде Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева баяндама жасады.
– Алдын ала бағалау бойынша 2024 жылы ІЖӨ өсімі 4,8% құрады, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген болжамынан 0,5 пайыздық тармаққа төмен. Үкіметтің мәліметінше, былтыр республикалық бюджеттің кірісі 19,6 трлн теңгені немесе жоспардың 97,2%-ын, шығыстар 23 трлн теңгені немесе жоспардың 98,4%-ын, ал тапшылық 3,6 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,7%-ын құрады. 2024 жылы Ұлттық қорға келіп түскен қаражат 3,8 трлн теңгені немесе жоспардың 85 пайызын құрады. Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне қарағанда, 2024 жылы талаптарды бұзу 862 млрд теңге сомасында анықталған, сонымен қатар бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану көлемі екі есеге жуық өскен, – дей келе Т.Савельева комитет Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның есептері бойынша қорытынды әзірлеуге дайын екенін айтты.
Одан кейін Мәжіліс қарауына «Қазақстан Үкіметі мен Франция Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау» жөніндегі заң жобасы келіп түсті. Аталған келісімге былтыр қараша айында Париж қаласында қол қойылған. Құжат Қазақстан мен Франция аумақтарында заң талаптарын бұзған жағдайда азаматтарды қабылдау және транзиттеу мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құру мақсатында әзірленіпті.
Ұлттық жасанды интеллект платформасы жасақталады
Әрі қарай депутаттар «Жасанды интеллект туралы» негізгі заң мен екі ілеспе заңның жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жасанды интеллект технологиясын дамыту үшін депутаттар бастамашы болды.
Баяндамашы Екатерина Смышляеваның айтуынша, негізгі заң жобасы 7 тараудан және 28 баптан тұрады. Заң жобалары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оны экономиканың түрлі саласында жүзеге асырудағы мемлекеттің рөлін анықтауға, әзірлеушілер мен инвесторлар үшін нақты және ашық «ойын ережелерін» құру арқылы ЖИ-ді пайдалануды құқықтық реттеуге бағытталған.
– Заң жобасының маңызды бөлігі – ұлттық жасанды интеллект платформасы. Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым. Платформа арқылы жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітапханалары әзірлеушілерге қолжетімді болады, – деді Е.Смышляева.
Құжат жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынасты реттеу қағидаттарын белгілеп, барлық қатысушының құқықтары мен міндеттерін нақты айқындайды. Осылайша, ЖИ жүйелерінің иелері өзінің пайдалану шарттарын белгілеп, құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқарады. Ал пайдаланушылар жеке деректерін қорғауға, ЖИ жүйелерінің жұмысы туралы хабардар болуға және автоматтандырылған шешімдерге қарсылық білдіруге құқылы болады.
Құжаттарды талқылау барысында депутат Ерлан Стамбеков бұл мәселеге қазір бүкіл әлем бас қатырып отырғанын еске салып, еліміз қай нұсқаны таңдайтынын сұрады. Баяндамашы Е.Смышляева заң жобасын әзірлеушілердің бұл мәселедегі ұстанымы әлі толықтай қалыптасып үлгермегенін айтты. Ал депутат Анас Баққожаев жасанды интеллектіні мектепте және жоғары білім саласында пайдалану кезінде бақылауды күшейту керек екеніне баса назар аударды.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан «ЖИ-дің дамуымен ақын, жазушылар қаптамай ма?» деген ой тастады. Өз кезегінде Е.Смышляева бұл мәселені шешу үшін жасанды интеллект алгоритмі арқылы жасалған туындыға адамның қаншалықты үлес қосқанын пайызбен өлшейтін тәсіл ойлап табу керектігін жеткізді. Осылайша, біраз уақытқа созылған талқылаудан соң, депутаттар дауыс беріп, жаңа заң жобаларын қолдады.
Ел экономикасына серпін беретін құжат
Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын тәуелсіз ұйымға айналдыру туралы хаттаманы ратификациялады. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің сөзінше, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры 6 мемлекет тарапынан 2009 жылы дағдарысқа қарсы аймақтық механизм ретінде құрылды.
– Жинақталған тәжірибе мен әлемдік экономикалық саясаттағы өзгерістерді ескере отырып, қордың қызметін қайта қарау қажет. Хаттамаға сәйкес, келесідей түзетулер енгізіліп отыр. Олар: қорды толыққанды дербес халықаралық ұйымға айналдыру, қордың штаб-пәтерін Астана қаласында ашу, жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру үшін ұлттық валюталарды пайдалану, техникалық көмекті ұсыну, қорда дауыс беру принципін анықтау. Бұл тұрғыда қорды толыққанды дербес халықаралық ұйымға айналдыру оның жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді. Жаңа мәртебені алу арқылы қордың қызметі еліміздің экономикасына да елеулі үлес қосады деген сенімдеміз, – деді Д.Кеңбейіл.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста азаматтық қорғау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін бекітуге, адам көп жиналатын нысандарды пайдалануға қабылдау кезіндегі өрт қауіпсіздігін бақылауды жаңартуды көздейді. Депутаттар бірнеше жаңашылдықты ескере отырып, аталған заң жобасын бірауыздан қолдады. Осылайша, күн тәртібіндегі мәселелер рет-ретімен қаралған соң, депутаттық сауалдарға кезек берілді.
Ақбөкен өлекселерін жою реттелмеген
Жиында жұмысшы мамандықтарын жетілдіру, «2-10-20» ипотекалық бағдарламасын несиелендіруге қаражат тапшылығы, кітап оқуға арналған рухани-мәдени бастамаларды кеңейту, МӘМС қорының кейбір жеке клиникаларға салған айыппұлдардың заңдылығы, ішкі нарықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сынды бірқатар өзекті мәселе көтерілді. «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов Премьер-министр Олжас Бектеновке ел аумағында ақбөкен өлекселерін жою мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады.
– Кейінгі жылдары ақбөкендердің жаппай қырылуы жиілеп отыр. Бұл тек экологиялық емес, санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін күрделі жағдай. Алайда осыған қатысты басты мәселе әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Ақбөкен өлекселерін кім, қандай тәртіппен және қандай заңнамалық негізде кәдеге жарататыны анықталмаған.
Қазіргі кезде бұл жұмыс іс жүзінде «Охотзоопром» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелген. Алайда өлекселерді жою олардың тікелей қызметтік міндетіне жатпайды, сондай-ақ олардың жарғысы мен регламентінде мұндай қызмет көзделмегенін ашық айтуымыз керек, – дей келе депутат жабайы жануарлардың, соның ішінде ақбөкендердің өлекселерін кәдеге жарату бойынша нақты нормативтік құқықтық база әзірлеуді, қаржыландыру, көлік, арнайы техника, кадрларды оқыту және санитарлық қауіпсіздік хаттамаларын енгізу және қамтамасыз етуді ұсынды.