Сұхбат • Бүгін, 10:00

Надира МЕДЕУБАЙ: Гендерлік теңдік – тек сандық көрсеткіш емес

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін әйелдердің қатары 56 пайызға жуықтайды, ал нақты басшылық лауазымдағылар үлесі 39,1%-ды құрайды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында биліктің атқарушы жүйесінде әйелдердің үлесін арттыру қажет дегені белгілі. Осы тақырып төңірегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызметті өткеру департаментінің директоры Надира Медеубаймен әңгімелескен едік.

Надира МЕДЕУБАЙ: Гендерлік теңдік – тек сандық көрсеткіш емес

– Надира Айдарқызы, мемле­кеттік қызметке қалай келдіңіз?

– Жоғары оқу орнын енді тәмам­даған жас маман ретінде мені еңбек жолымды мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы уәкілетті орган – Заң депар­таменті Нормативтік құқықтық ак­тілер басқармасының сарапшысы лауазымынан бастадым. Мекемеге аяқ басқан сәттен-ақ өзіндік бір атмосферасы сезілді. Классикалық киім үлгісі мен қызметкерлердің әдебі, мамандықтың маңыздылығын аша түсті.

Өміріме де біраз өзгеріс әкелді. Біріншіден, жауапкершілік артты. Екіншіден, араға уақыт салып, бойым­да шыдамдылық пен сабырлылық қалыптасты. Үшіншіден, адалдық, кәсібилік қағидаларына деген көз­қарасым тереңдей түсті. Тек өз еңбегің мен білімің арқылы жетістікке жетуге болатынына көзім жетті.

Былтырдан бері, аталған мекемеде басшылық лауазымда қызмет етемін. Негізгі міндеттерім – мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметін үйлестіру, мониторинг жүргізу, бағалау және персоналды дамытуды үйлестіру, кадр құрамы­ның жай-күйіне талдау жүргізу, сон­дай-ақ салада бірыңғай саясаттың жүйелі жүзеге асуына ықпалдасу.

– Елімізде қызметтегі әйелдерді қолдау бағытында қандай бастамалар бар?

– 2030 жылға дейінгі отбасы­лық және гендерлік саясат тұжы­рым­дамасында мемлекеттік қыз­меттегі әйелдерді қолдауға бағыт­талған шаралар қам­тылған. Мемле­кеттік, квазимемлекеттік және кор­поративтік секторларда бас­шы лауа­зымдардағы әйелдердің үлесін арттыруға арналған нысаналы индикатор белгіленді. Сонымен қатар гендерлік сауаттылықты артты­ру мақсатында мемлекеттік қызмет­шілерге тақырыптық сабақтар мен семинар-тренингтер өткізіліп тұрады.

Гендерлік теңдік тек сандық көрсеткіш емес екенін ұғыну қажет. Ол, ең алдымен, әр әйелге өз әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беру деген сөз. Осы бағытта бірнеше маңызды бастаманы қолға алдық. Бірінші­ден, мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрландырылып жатыр. Бұл адам факторын азайтып, кез келген кемсітушіліктің алдын алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілер үшін икемді жұмыс кестесі қарастырылған. Мысалы, бала күтімімен айналысатын қызметшілер үшін қашықтан немесе аралас жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Үшіншіден, әйелдердің көшбасшылық қабілетін жетілдіру мақсатында арнайы оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар үстеме жұмыс істеуді азайту үшін агенттік жұмыс уақытының сақталуын онлайн және офлайн режімде бақылап отырады. Бұл шараның барлығы – әйелдердің мемлекеттік қызметте өзін еркін сезініп, толық ашылуына жасалған жағдай.

Жалпы, Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымының (OECD) деректері бойынша гендерлік теңдік қағидалары сақталатын елдер эконо­ми­­ка­лық тұрғыдан тұрақты дамиды, еңбек өнімділігін арттырады, әлеуметтік тұтастықты жақсартады.

– Әйел басшылар қандай басқару стилімен ерекшеленеді?

– Негізінде, басқару стилі адамның жеке қасиеттеріне, тәжірибесіне және кәсіби дағдыларына байланыс­ты қалыптасады. Бірақ әйел басшылар көбіне жұмыс ортасын үйлесімді етіп құруға, әріптестерімен ашық диалог орнатуға және жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауға бейім. Олар әр мәселенің маңызды қырларын ескеруге басымдық бере­ді. Көбіне дипломатиялық әдістерді қолданады. Көпшіліктің пікірін тыңдап, ортақ шешімге келуге тырысады. Бұл ортаның сенімін арттырып, әріптестерімен жақсы қарым-қатынас орнатуға септеседі.

Президент те былтыр жастар кадр резервінің форумында әйелдердің жұмысқа өте мұқият, тиянақты, ер адамдармен салыстырғанда, жемқор­лық әрекеттерге бейім емес екенін айрықша атап өтті. Сыбайлас жем­қор­­лыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік­тің статистикасы да осыны меңзейді.

– Жұмысыңыздың жеке өмірге кедергі келтірген тұсы болды ма?

– Дер кезінде шешім қабылдай білу, азаматтардың сенімін ақтау – біздің басты міндетіміз. Елге қызмет етуде әйел мен еркектің мүмкіндігі тең. Бірақ қоғамда әйел басшыларға қатысты қалыптасып қалған таптау­рын түсінік әлі де бар. «Олар эмоцияға берілгіш, шешім қабылдауда жұмсақ болуы мүмкін» деген секілді пікір кездеседі. Шын мәнінде, әйелдер басқару ісінде ұқыптылық пен икемді­лікті қатар ұстай алады.

Бүгінде бәсекелестік басым салада көп арасынан суырылып шығып, қызметке орналасқан, өзіне сенімді, әлеуетін толық аша білген, оны игі жолда қолданып жүрген іскер әйелдер артып келеді. Есепке салсақ, елдегі 24 мың басшының 9 мыңнан астамы әйел. Оның ішінде үш министр, сегіз вице-министр және үш аппарат басшысы бар. Президентке тікелей бағынатын 14 мемлекеттік органда 6 нәзік жанды жоғары лауазымда. Сот жүйесінде 1 248 әйел судья еңбек етеді. Парламент депутаттарының 28-і, ал мәслихаттарда шамамен 3,5 мың әйел жұмыс істейді.

Мен де осы қауыммен ілесе кәсіби міндеттерімді сарапқа салып, жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін сақ­тап келемін. Бар күш-жігерімді мін­деттерімді орындауға жұмсаймын. Жұмыстан тыс, демалыс уақытын жақындарыма, қызығушылығыма арнаймын. Спортты да өмірлік сері­гім еттім. Бұл бойымдағы тәртіп, төзім­ділік қасиетін шыңдай түсті.

Негізі көптеген мемлекеттік қыз­мет­шілер жұмыс күні аяқталғаннан кейін де қызметтік міндеттерін жалғас­тыруға мәжбүр. Өкінішке қарай, бұл азаматтың жеке өміріне, отбасына әсер етпей қоймайды. Осы орайда агенттік мемлекеттік органдарда артық жұмыс істеуді болдырмау мақсатында арнайы іс-шаралар қабылдап жатыр.

Мәселен, былтыр жүргізілген мониторинг нәтижесінде елімізде 3,4 мың мемлекеттік қызметшінің еңбек құқығы қорғалып, қосымша демалыс уақыты берілді, артық жұмыс үшін өтемақы төленді. Сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалыс та кей жағдайда қызметке кері әсер етуі мүмкін. Ұзақ үзілістен кейін еңбекке қайта араласқан әйелдің бәсекелестікке төтеп беруі қиындап, мансаптық өсу мүмкіндіктері шектеліп жатады. Өкінішке қарай, бұл – еңбек нарығындағы шынайы жағдай.

– Мемлекеттік қызметке тұруды қалайтын жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Мемлекеттік қызметтің ар­тықшы­лығы – тұрақтылық. Уа­қ­ты­лы жалақы, әлеуметтік кепіл­­дік. Қазіргі жастар үшін бұл маңыз­­ды тетік дер едім. Әрине, заң­на­­ма­ны жақсы меңгеріп, тестілеу мен әңгі­­ме­лесуге мұқият дайындалуы қажет. Жауапкершілік парқын түсі­нуі, сабырлылық пен өз ойын нақты әрі еркін жеткізе білу қабілетін шың­дауы мемлекеттік қызметте көп көмек­теседі. Сондықтан атқарушы органдарда тағылымдамадан өту, қоғамдық жұмыстарға қатысу арқылы ертерек тәжірибе жинақтауға ұмтылу керек.

Осы ретте, мемлекеттік қызметке келуді жоспарлаған жастарға агенттік бастамасымен заңға енгізілген өзгеріс­терге сәйкес, жоғары оқу орнын мем­лекеттік грантпен оқып, оны жақсы көрсеткішпен бітірген түлектерге аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі берілгенін атап өткім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»