Өндіріс • 15 Мамыр, 2025

Жаңартылған зауыт іске қосылды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстауда «CASPI BITUM» БК» ЖШС-ның ауқымды жаңғырту жобасы аяқталып, Ақтау битум зауыты салтанатты түрде іске қосылды.

Жаңартылған зауыт іске қосылды

Өңір ғана емес, ел бойынша маңызды Ақтау битум зауытын жаңғырту жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бо­йынша іске асырылды. Бас мердігер «CITIC Construction» компаниясы жұмысты 2024 жылдың қара­ша айында бастаған болатын. Ұтымды ұйым­дастыру нәтижесінде, яғни 230-ға тар­та ма­манның жұмылуымен құрылыс-мон­таж­дау жұмысын тәулік бойы тиімді жүр­гізіп, белгіленген мерзімнен бір ай бұрын аяқтады.

Жаңғырту нәтижесінде мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаты 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін, ал битум өндірісі 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғайды. Жоба басты технологиялық жабдық саналатын ЭЛОУ-АВТ – мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысын жаңартуға бағытталған болатын. Жобаның негізгі және техникалық жағынан ең күрделі жұмысының бірі – биіктігі 40 метрге жуық 140 тонналық жаңа вакуумдық бағананы орнату болды.

жд

Жаңғыртылған Ақтау битум зауытының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару бойынша тең басқарушы директоры Бақытжан Таубаев, Энергетика министрлігінің мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаментінің директоры Саятай Әліпбаев, сондай-ақ «CITIC Group» және «CITIC Construction» өкілдері қатысты.

Өңір басшысы Н.Қилы­байдың айтуынша, «Caspi Bitum» зауытын табысты жаңғырту – «ҚазМұнайГаз» бен «CITIC Group» арасындағы тиімді стра­­тегиялық серіктестіктің нәтижесі. Сондай-ақ жобаның еліміз үшін стратегиялық ма­ңызы зор. Енді жаңартылған зауыт ішкі нарықтағы сұранысты өтеп және импортқа тәуелділікті азайта отырып, сапасы жоғары отандық битуммен тұрақты қамтамасыз ете алатын болады.

Бұл – еліміз бойынша ерекше маңызға ие инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жаңғыртудан соң жаңа тыныспен жұмыс істей бастайтын зауыт ішкі және сыртқы нарықта өзіндік сұранысқа ие өнімдерінің қуа­тын арттыра түседі.

 

Маңғыстау облысы