Шаруашылық • 14 Мамыр, 2025

Қарағандыда сүт фермасы ашылды

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы Нұра ауданы Көбетей ауылында 1100 басқа арналған сүт-тауар фермасы ашылды. Нысан еуропалық стандарттар бойынша жабдықталған және өңірдегі ең ірі нысандардың біріне айналады, деп жазады Egemen.kz.

Қарағандыда сүт фермасы ашылды

Инвестициялық жобаны «Рамадан МФ» ЖШС «Черниговское и К» ауылшаруашылық кәсіпорнымен бірлесіп жүзеге асырды. Толық қуаттылыққа шыққан кезде жылына шамамен 9 мың тонна сүт тапсырылатын болады. Бұл көлемге келер жылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Өнім Қарағанды облысы мен Астана қаласының сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізілетін болады.

Жаңа кәсіпорынның ашылуында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев  ауыл тұрғындарын құттықтады.

– Бүгін біз заманауи сүт-тауар фермасын ашудамыз - ол тек жаңа өндірістік буынға ғана емес, ауылдағы экономикалық белсенділіктің нағыз орталығына айналатын маңызды нысан. Мұнда шамамен 60 жұмыс орны құрылады. Бірақ ең маңыздысы – жастардың туған жерінде қалу, жұмыс істеу, даму және лайықты табыс табу мүмкіндігі. Дәл осындай жобалар ауылдың жаңа экономикасын қалыптастырады деп сенемін. Жұмыс бар жерде мектеп, балабақша, толыққанды өмір болады, – деген өңір басшысы жобаны іске асыруға қатысқандардың барлығына алғыс айтты.

СТФ құрылысы 2023 жылдан бастап жүргізілді. «Рамадан МФ» ЖШС мал шаруашылығын дамыту жөніндегі директордың орынбасары Арман Нұржанов қазіргі уақытта голштин тұқымды сиырлардың бірінші легін сатып алғанын хабарлады.  Ол әлемдегі ең сүтті сиырлардың бірі ретінде танымал.

Штат қазірдің өзінде мамандармен жасақталған. Жұмысшыларды қабылдау кезінде жергілікті тұрғындарға басымдық берілген.

– Біздің ауданда осындай үлкен сүт-тауар фермасының ашылғаны қуантады. Бұрын барлық аудан тәулігіне 27 тонна сүт беретін болса, енді бір ферма сонша береді. Мұнда бәрі бір алаңда жүзеге асырылған. Азық базасы құрылды. Жаңа жұмыс орындары пайда болды. Бұл бизнесмендер өз мойнына алған әлеуметтік жауапкершілікті білдіреді, – деп атап өтті Қарағанды облысы мен Нұра ауданының құрметті азаматы Георгий Прокоп.

Жалпы, жоба облыстың аграрлық секторын дамытуға оң әсер етеді.