Медицина • Бүгін, 16:58

Дәрігерлер жүрегінде ісігі бар науқасты аман алып қалды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қалалық кардиологиялық орталығында ерекше әрі күрделі операция жасалып, дәрігерлер сирек кездесетін жүрек ісігіне шалдыққан жас әйелдің өмірін аман сақтап қалды. Мамандардың айтуынша, пациенттің жүрегінде анықталған миксома – дәрі-дәрмекпен емдеуге келмейтін, шұғыл араласуды қажет ететін қатерсіз ісік, деп жазады Egemen.kz.

Дәрігерлер жүрегінде  ісігі бар науқасты аман алып қалды

Фото: ашық дереккөз

Жас әйел орталыққа ентігу мен ауа жетіспеушілігіне шағымданып түскен. Эхокардиография зерттеуінің нәтижесінде дәрігерлер сол жақ жүрекшеде көлемі 6×4 сантиметр болатын миксома барын анықтаған. Бұл жүрекішілік қанайналымға кедергі келтіріп, өмірге нақты қауіп төндірген.

Кардиохирургтар дереу операция жасап, ісікті толықтай алып тастады. Хирургиялық араласудан кейін жүрек жұмысы қалыпқа келтіріліп, келесі күні-ақ пациент өздігінен жүріп-тұра бастады. Жағдайы жақсарған науқас көп ұзамай үйіне шығарылды.

«Мұндай күрделі жағдайлар дер кезінде жүргізілген диагностика мен кәсіби медициналық көмектің шешуші рөл атқаратынын көрсетеді. Жас әйел өмірдің екінші мүмкіндігіне ие болды. Бұл — дәрігерлер үшін үлкен марапат», деп мәлімдеді кардиологиялық орталықтың мамандары.

Мамандар жүрек ауруларының белгілерін дер кезінде байқап, білікті дәрігерге жүгінудің өмірді сақтап қалудағы маңызын еске салып отыр. Алматы кардиохирургтары көрсеткен жоғары кәсіби шеберлік тағы бір адам өмірін аман сақтап қалуға мүмкіндік берді.