
Конференцияның басты тақырыбы – өңірлік және ұлттық климаттық шараларды табысты жүзеге асыру үшін климаттық қаржыландыру көздерін тиімді жұмылдыру. Бұл – қазіргі таңда Орталық Азия елдері үшін ортақ сын мен ортақ жауапкершілікке айналған бағыт.
Жиынға бес мемлекеттен – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген 200-ден астам сарапшы, соның ішінде үкіметтік құрылымдар, парламенттер, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, ғылыми мекемелер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысып отыр. Бұл – экологиялық күн тәртібінің кең ауқымын, сондай-ақ оған деген жан-жақты мүдделілікті аңғартады.
«ОАҚӨК-2025» БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы конференциясында (COP29) қабылданған шешімдерді өңірлік деңгейде іске асыру мәселелеріне басымдық берді. Сонымен қатар алдағы COP30 конференциясына дайындық, ұлттық бейімделу жоспарларын нақтылау және жаңа Ұлттық Деңгейде Айқындалатын Үлес (ҰДАҮ 3.0) әзірлеу барысындағы ілгерілеуді бағалау жайы да егжей-тегжейлі талқыланып жатыр.
Конференция барысында стратегиялық әрі әділетті климаттық қаржыландырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу, сондай-ақ Жаңа ұжымдық сандық климаттық қаржыландыру мақсаты (NCQG) аясындағы өңірлік ұстанымдар да ортаға салынды.
Қазақстандық делегацияны Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мұрат Ошурбаев бастап барды. Делегация құрамына мемлекеттік құрылымдармен қатар, ғылыми-зерттеу институттары мен үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ Парламенттің өкілдері кірді.
Вице-министр өз сөзінде 2026 жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарланған Өңірлік климаттық саммитке ерекше тоқталып өтті. Бұл бастаманы еліміз өңірлік үнқатысуды күшейтудің және бірлескен іс-қимылдарды үйлестірудің маңызды тұғыры ретінде қарастырады.
Сонымен қатар, Қазақстан тарапы конференция аясында «Жасыл көпір»: ҰДАҮ іске асыруды жеделдету мен нығайтуға арналған инновациялық технологиялар» атты арнайы сессия ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат – өңірлік әріптестікті жаңа деңгейге шығару және Green Bridge Partnership Program (GBPP) платформасы арқылы климаттық технологияларды енгізу жолдарын нақтылау.
Конференцияның тағы бір маңызды қыры – әр елдің ұлттық басымдықтарын өңірлік климаттық архитектурамен үйлестіру. Төмен көміртекті даму жолына түсу тәжірибелерімен алмасу арқылы Орталық Азия елдері бірін-бірі толықтырып, ортақ климаттық мүдделер аясында өзара ықпалдастықты нығайтады.