Қоғам • 14 Мамыр, 2025

Волонтерлік қызмет – қоғам дамуының маңызды тетігі

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мaqsut Narikbaev University-де БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов волонтерлермен кездесу өткізді. Басқосу барысында 2026 жылы атап өтілетін «Халықаралық еріктілер жылына» дайындық барысы және БҰҰ Еріктілер бағдарламасының жаһандық күн тәртібі жан-жақты талқыланды.

Волонтерлік қызмет –  қоғам дамуының маңызды тетігі

Сурет: gov.kz

Бүгінде елімізде волонтерлік қызмет қарқынды дамып, түрлі саланы қамтып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі берген дерекке сүйенсек, рес­публикада 755 волонтерлік ұйым тіркелген. Ал еріктілікпен айналысатын отандастарымыздың жалпы саны 280 мыңға жуықтайды.

Біздегі волонтерлік қызметтің басты бағыт­тарына – қарттар мен жалғызбасты жандарға көмек көрсету, өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарды қолдау, экологиялық волонтерлік пен төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатысу жатады.

Сондай-ақ еліміз халықаралық деңгейде де волонтерлік қауымдастықтар арасындағы табысты институционалдық әріптестіктің үлгісін көрсетіп келеді. Волонтерлік қызметтің құқықтық базасы да толық қалыптасқан. Мәселен, «Волонтерлік қызмет туралы» заң қолданыста, ал 2026 жылға дейінгі волонтерлікті дамыту жөніндегі Жол картасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсаттарындағы «Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялаған еді. Осыған сәйкес жиын барысында волонтерлік қозғалысты дамыту, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған негізгі бағыттар, бастамалар мен жоспарланған іс-шаралар сөз болды.

Кездесуге белсенді жастар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері де қатысып, оларға республика көлемінде волонтерлік қызметті үйлестіру мақсатында ашылған «Qazvolunteer.kz» онлайн платформасы таныстырылды.

Айта кетсек, платформа волонтерлер мен ұйымдарды біріктіріп, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қатысу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат ұсынады. Бұдан бөлек, еліміз бойынша волонтерлік бастамаларды қолдау мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін Ұлттық фронт-офис қызмет атқарады.