
«Ал сүзгісіне белсендірілген көмірді пайдалануды ұйғардым. Бұл құрылғыны зертханалардағы сорғы шкафтарда қолдануға болады. Өйткені, химиялық зерттеу жүргізу кезінде құрылғы улы газдың 60 пайызын тұтып қалады», дейді Н.Кенжебай.
Қазір ол мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы мамандығында оқиды. Зерттеу кезінде жаңа құрылғы белсендірілген көмірдің улы газын жақсы сіңіретінін анықтапты.
«Көмірді матаға салып өңдедім. Бұл идеяны зерттеуге 2-3 апта, ал сүзгісін дайындауға үш ай жұмсадым. Болашақта осы зерттеуімді жалғастырғым келеді», дейді Нұрдәулет Кенжебай.
Ал есептеу техникасы және ақпараттық желілер мамандығында білім алып жүрген Шадияр Жандарбек, Нұрислам Өтепберген, Дамир Қадырғали мен Артур Өмірғали жаңа қосымша жасап шығарды. Қосымшаға «NeXa» атауын беріпті. Онда бес бағытты қамтыған тест тапсырмалары жүктелген.
«Қосымша – бейімделген курс базасы бар білім беру платформасы. Осы арқылы білім алушылар өз деңгейін тексеруіне болады. Әзірге тест тапсырмалары орыс тілінде жүктелді. Алдағы уақытта қазақ және ағылшын тіліндегі нұсқасы қосылады. Тест тапсырмаларының бағытын көбейтеміз», дейді автордың бірі Ш.Жандарбек.
Жаңашыл студент былтырғы желтоқсанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасында «Ақпараттық технология» бағыты бойынша жеңімпаз атанған.
Атырау облысы