Бүгінгі таңда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қаладағы жоғары сынып оқушыларына өндіріс орындарын таныстыру мақсатында кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырыла бастады.
Мәселен жуырда Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері, «Top Generation School» білім беру орталығының шәкірттері шаһардағы шұлық өндіретін ең ірі кәсіпорынның бірі «Әлем-БТ» фабрикасында болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша осы іс-шара арқылы болашақ түлектерді жұмысшы мамандық иелерімен таныстырып, жан-жақты мәлімет беру көзделген екен.
«Шымкент қаласында 40-қа жуық колледж болса, соның 25-інде дуальды оқыту жүйесі бар. Сол арқылы 10 мыңға жуық студент өздерінің теориялық білімін кәсіпорындарға барып, тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алған. Соның нәтижесінде жастар өз мамандығын терең меңгеріп, білікті маман болып шығуға даярланады. Жалпы кәсіпкерлер палатасы қаламыздағы білім беру ұйымдарымен бірлесіп сапалы кадр дайындау ісін әрі қарай жалғастыра береді. Бұл бірінші кезекте мамандарға сұранысты азайту үшін және экономиканы тұрақты бағытта дамыту үшін керек» деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанар Алтаева.
Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2014 жылдан бастап жыл сайын өңірдегі кәсіпорындарға қандай маман қажеттігіне мониторинг жасайды. Бұл бақылау Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.kz платформасында жүзеге асырылады. Ол еңбек нарығының қажеттілігін нақты анықтауға, техникалық және кәсіби оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға көмектеседі. Нәтижесінде білім беру ұйымдары мен оқу орталықтары өздерінің оқыту бағдарламаларын кәсіпорындардың сұранысына сай бейімдеп, маман дайындаудың сапасын арттыра түседі.
ШЫМКЕНТ