Медицина • 13 Мамыр, 2025

Әйелдер ауруының алдын алудың амалдары қандай

90 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде 12 мамырда денсаулық апталығы басталды. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйытқы болған шаралар легі маңызды 4 бағытты қамтиды, деп жазады Egemen.kz.

Әйелдер ауруының алдын алудың амалдары қандай

Фото: egemen.kz/ Қырмызы Жұмағалиқызы

Бекітілген күндерегіне сай: 12 мамырда – отбасын жоспарлау, 13 мамырда – әйелдер денсаулығы, 14 мамырда – ерлер денсаулығы, 15 мамырда – жастардың репродуктивті денсаулығы, жыныстық жолмен берілетін инфекцияға қарсы іс-қимыл, 16 мамырда – адам папилломасы вирусына қарсы іс-шаралар өтеді. 

Апта бойы барлық емхана мен Жастар денсаулығы орталықтары келушілерге айқара есік ашады. Бұл күндері ел азаматтары түрлі вирустық қауіп-қатерге қарсы ақпаратпен қатар денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, жыныстық қатынасқа ерте түсу салдарлары, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және АИТВ жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюінің алдын алу сынды маңызды мәліметтерден құлағдар бола алады. 

Әр онжылдықта әйелдер өтуі тиіс медициналық тексерулер 

Осы орайда 13-мамыр «әйел денсаулығы» туралы сөз қозғамақпыз. Әйелдің әр жас кезеңінде ағзасында түрлі өзгерістер болады. Сондықтан жоспарлы тексерулер де жасқа байланысты ерекшеленеді. Қазақстанда жастық кезеңдерге бөлінген маңызды тексерулер бар жас кезеңіне байланысты бөлінген. 

18–25 жас:

  • Жылына 1 рет гинекологқа қаралу
  • Жатыр мойнының ПАП-тесті (21 жастан бастап, 3 жылда 1 рет)
  • ЖЖБА-на (жыныстық жолмен берілетін ауруларға) анализ (жыныстық қатынас болған жағдайда)

25–35 жас:

  • ПАП-тест + HPV анализі (әр 3-5 жыл сайын)
  • УДЗ кіші жамбас ағзалары (жылына 1 рет)
  • Жүктілікке дайындық кезінде: Толық қан және зәр анализі, ТОРЧ-инфекциялар, фолий қышқылын қабылдау сынды шараларды қолға алу керек.

35–45 жас:

  • Маммография (40 жастан бастап, 1–2 жылда 1 рет)
  • Гормоналды профильді тексеру (жүктілік жоспары болмаса да)
  • Қан қысымы, холестерин, қандағы қант деңгейін бақылау
  • УДЗ қалқанша безі (қажет болса)

45–55 жас (менопауза кезеңі):

  • Маммография – жылына 1 рет
  • Остеопорозға тексеріс (денситометрия)
  • Гормон деңгейін тексеру (эстроген, ФСГ, ЛГ)
  • Жатыр мен аналық бездерді УДЗ арқылы бақылау
  • Жүрек-қантамыр жүйесін тексеру – ЭКГ, холестерин, қант деңгейі.

55 жастан кейін:

  • Колонскопия (ішек обырының алдын алу үшін, әр 5-10 жылда 1 рет)
  • Остеопороз скринингі
  • Жүрек, көз, құлақ, қан қысымын тұрақты бақылау шарт. 

Бұл тексерулерді кейінге қалдырмай, уақытылы өтіп отыру әйел денсаулығында кездесетін аурулардың алдын алуға және ұзақ әрі сапалы өмір сүруге мүмкіндік береді.

Әйелдер арасында жиі кездесетін аурулардың алдын алу шаралары қандай?

Бүгінде әйелдер арасында жатыр мойны обыры (рак шейки матки), сүт безі обыры, жатыр миомасы (миома матки), эндометриоз, жыныстық жолмен берілетін аурулар (Хламидиоз, гонорея, трихомониаз, ВИЧ және т.б.) жиі ұшырасады. Онкологиялық аурулар ішінде сүт безі обыры мен жатыр мойны обыры жылына шамамен 5000 – 5500 әйелде анықталады. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Сыздықова Гүлбану Жұмағалиқызы аталған аурулардың алдын алу үшін әр 6 ай сайын гинекологқа тексерілу керек екенін ескертті. 

«Сондай-ақ, папиллома вирусын анықтау үшін жағынды тапсыру; Вакцинация (HPV-ге қарсы), тұрақты гинекологиялық тексеріс (ПАП-тест); УДЗ немесе 40 жастан бастап маммографияға түсу маңызды. Жоспарлы тексерулермен бірге салауатты өмір салтын ұстану, яғни салмақты бақылау, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті де ұстанған жөн. Қазақстанда гинекологиялық ауруларды диагностикалау жылдан-жылға жақсарып келеді. Осы медицина мүмкіндіктері негізінде әйелдер арасында гинекологиялық аурулардың, жыныстық жолмен берілетін аурулар, урогенитальды инфекциялар, гормоналды бұзылыстар және остеопороз ауруларының алдын алуға болады», дейді  Гүлбану Жұмағалиқызы.

Фертилдік жастағы әйелдердің денсаулығын бағамдап, жүктілікке, дені сау баланы дүниеге әкелуге даярлау да қаперге алатын мәселе. Бұл тұрғыда жүктілікті жоспарлап, сауатты дайындық шараларын жүргізу қажет. 

«Жүктілікке дайындық – болашақ ананың, әкенің де денсаулығын жақсартып, сәбидің дұрыс дамуы үшін өте маңызды кезең. Сондықтан жүктілікке дайындықты дәрігерге қаралудан (прегравидарлық кеңес) бастау керек. Әуелі гинекологқа барып, жатыр, аналық бездер, гормоналды фонның жағдайын тексеру шарт. Жүктілік кезінде кейбір процедуралар рұқсат етілмейтіндіктен терапевт пен стоматологқа қаралу керек. Қанның жалпы және биохимиялық анализін тапсыру да ұмыт қалмау керек. Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға, ТОРЧ-инфекцияларды (токсоплазмоз, қызамық, цитомегаловирус, герпес) тексеру қажет» екенін айтқан Гүлбану Жұмағалиқызы фолий қышқылын жүктілікке дайындық барысындағы келіншек кем дегенде 3 ай бұрын қабылдап бастау керек екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде туа біткен кемістіктердің (мысалы, жүйке түтігі ақаулары) алдын алуға септеседі. Күніне 400–800 мкг қабылдау ұсынылады. 

«Жүктілікке дайындық кезеңінде темекі, алкоголь, есірткіден бас тарту керек. Әманда қыз баласы болашақ ана болғандықтан бұл нәрселерге мүлде әуес болмағаны жөн. Кофеин мөлшерін күніне 1 кесе кофеге дейін шектеуді ұсынамыз. Сондай-ақ салмақты бақылау да дайындықтың алғышарты. Осы орайда вакцинацияны тексеру де артық болмайтынын атап өткім келеді. Ұйқы режимін дұрыстап, күйзелістен арылу - моральдық және психологиялық дайындық негізі», деді  Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы.

«Денсаулық апталығы: адамдар қорықпай, ұялмай дәрігерге жүгінуді үйренеді»

Гүлбану Жұмағалиқызы репродуктивті денсаулық апталығы аясында 12 мамыр күні қалалық перинатальдық орталықта «Отбасын жоспарлау тақырыбында»  Ашық есік күніне қатысып, келушілерге кеңес берген. Алдағы күндері жоспар бойынша жастар орталығында, емханаларда, орталық саябақтарда ашық есік күндері мен акцияларға қатысуды жоспарлап отыр. 

«Репродуктивті денсаулық апталығы — бұл халыққа өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, алдын алу шараларын білуге және медициналық көмекке уақытылы жүгінуге бағытталған маңызды қоғамдық денсаулық іс-шарасы. Оның халық денсаулығын жақсартудағы маңызын бірнеше қырынан түсіндіруге болады.  Бірінші кезекте халықтың хабардарлығын арттырады, көптеген адам репродуктивті денсаулық, бедеулік, жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы нақты әрі ғылыми негізделген ақпаратты өз бетінше алуға құлықсыз. Сондықтан апталық аясында тегін кеңес беру, дәрістер, семинарлар өткізіледі, бұл – әсіресе жастар мен болашақ ата-аналар үшін өте құнды. Екінші, аурудың алдын алуға көмектеседі. Жүктілікті жоспарлаудың маңызын түсіндіреді. Жасөспірімдерге арналған жыныстық тәрбие, қауіпсіз қатынас тақырыптары қозғалады. Бұл ерте жүктілік пен инфекциялардың таралуын азайтуға ықпал етеді. Ерлердің де денсаулығына назар аударылатынын айрықша атап өту керек. Тағы бір мәнді тұсы денсаулық сақтау жүйесі мен халықтың байланысын нығайтады. Адамдар қорықпай, ұялмай дәрігерге жүгінуді үйренеді. Ал медицина қызметкерлері ағарту жұмыстарын күшейтіп, қоғаммен ашық жұмыс жасайды», деді ол. 

Әйел саулығы - ұлт саулығының бастауы. Сондықтан салауатты қоғам қалыптастыруда репродуктивті денсаулық апталығы әрдайым керек, әрдайым - өзекті.