
Фото: Сауда және интеграция министрлігі
LuLu Group – БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар және Парсы шығанағының басқа да елдерінде 280-нен астам гипермаркеттер желісін басқаратын жетекші ритейлер. Компания Қазақстанмен бірлескен жобаларды іске асыруға жоғары қызығушылық білдіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін – сиыр еті, қой еті, құс еті, жұмыртқа, сүт өнімдері, астық пен жемістерді экспорттау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, ет өңдеу және жеміс өнімдерін өңдеу салаларындағы бірлескен өндіріс перспективалары қаралды.
Қазақстан тарапы LuLu компаниясына елімізде логистикалық хаб құруды ұсынды. Бұл орталықта өнімді сұрыптап, қаптап, экспорттық партияларға дайындау жүзеге асырылып, оны Парсы шығанағы елдері мен өзге де халықаралық нарықтарға жедел жөнелту мүмкіндігі пайда болады.
Министрлер LuLu жобасын жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Атап айтқанда, инфрақұрылымды қамтамасыз ету, логистиканы ұйымдастыру және мемлекеттік органдар тарапынан қажетті көмекті ұсыну шаралары ұсынылды.
Бұл кездесу Қазақстан үшін экспорттық әлеуетті күшейтуге және отандық өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға бағытталған маңызды қадам болды. Қазақстан тарапы LuLu Group-пен одан әрі практикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін растады.