
Фото: Ашық дереккөз
Көкшетау қаласы емханасының бас дәрігерінің орынбасары, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жанұяны жоспарлау бойынша штаттан тыс маманы Жұлдыз Әлпіламқызының айтуынша, бұл бастаманың қажеттілігі мен маңыздылығы – бүгінгі қоғамның кейбір ащы шындықтарымен тығыз байланысты. Жыныстық сауатсыздық, ерте жүктілік, отбасын жоспарлауға салғырт қарау өзекті әлеуметтік және медициналық мәселелерге айналып отыр.
Қоғамдағы жыныстық және репродуктивтік сауаттылық деңгейі – маңызды көрсеткіштердің бірі. Алайда бүгінде бұл салада шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Көптеген жастар ерте жыныстық қатынас пен оның салдарын толық түсінбей, түрлі қауіптерге ұрынады. Бұл медициналық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да алаңдатарлық жағдай.
«Мені жас жұбайлар отбасылық өмірге дайын екендіктерін және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды болдырмау үшін тексеруден өткендерін айтқан кезде қатты қуантады. Бұл – жауапты ата-аналықтың белгісі. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі таңда Қазақстандағы репродуктивтік денсаулық жөніндегі сауаттылық деңгейі алаңдатарлық. Жасөспірімдер мен жастар арасында жыныстық және репродуктивтік денсаулық туралы ақпарат жеткіліксіз. Олар ерте жыныстық қатынас пен ерте жүктіліктің салдарын білмейді», дейді маман.
Оның пікірінше, дені сау ана мен бала – ел болашағының кепілі. Ал бұл үшін отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыру қажет. Қазіргі таңда бұл тек әйелдердің мойнындағы жауапкершілік деп есептейтін көзқарас әлі де кездеседі.
«Отбасын жоспарлау – тек жүктілікті кейінге қалдыру емес. Бұл әйелдің де, еркектің де денсаулығына, отбасылық өмірге және болашақ ұрпақтың амандығына бағытталған қадам. Көпшіліктің санасында бұл мәселе тек әйелге тиесілі деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, бұл екі жақтың да ортақ шешімі болуы тиіс», дейді Жұлдыз Әлпіламқызы.
Контрацепция – жоспарсыз жүктіліктің алдын алатын және жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғайтын маңызды құрал. Дегенмен, Жұлдыз Әлпіламқызы бұл құралдар жайлы халық арасында жалған пікірлер өте көп екенін тілге тиек етті.
«Қоғамда контрацепцияға қатысты түрлі мифтер кездеседі. Соның ішінде ең жиі айтылатыны «алғашқы жыныстық қатынаста жүкті болу мүмкін емес». Қыздардың бұл ақпаратқа сенетіні - таңқаларлық жайт. Бала пайда болу үшін тек сперматазоид пен аналық жасуша керек. Ал аналық жасуша еттекір периоды бар әрбір қызда бар. Яғни шамамен 12 жастан бастап қыз бала жүкті бола алады. Ал алғашқы жыныстық қатынас, әрине одан әлдеқайда кеш басталуы қажет. Тағы бір миф «контрацептивтер семіртеді». Заманауи препараттар салмақ қоспайды. Керісінше, кейбірінің теріні, шашты жақсартатын қасиеттері бар. Негізінде, контрацептив қолданатын әйелдердегі салмақ өзгерісі көбінесе дұрыс тамақтанбаумен байланысты», деді ол.
Жүктілікті жоспарлау ананың да, әкенің де физикалық әрі психологиялық дайындығын талап етеді.
«Жүктілікті жоспарлаған ерлі-зайыптылар бұл процестің үлкен жауапкершілік екенін түсінуі керек. Алдымен зиянды әдеттерден (ішімдік, темекі, есірткі) бас тартуы қажет. Ананың ең қолайлы жасы – 19 бен 35 жас аралығы. Жүктілік алдында міндетті түрде дәрігерге қаралып, тексеруден өтіп, қажетті талдауларды тапсыру керек. Созылмалы аурулары бар әйелдерге арнайы дайындық керек. Барлық тексерулер жоспарланған жүктілікке дейін кемінде 3 ай бұрын жүргізілуі тиіс», дейді Жұлдыз Әлпіламқызы.
Оның айтуынша, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жастар арасында кең таралған, алайда көп жағдайда ескерілмейтін аурулар тобы. Көптеген инфекция бастапқы кезеңде білінбейді, бірақ кейін асқынулар тудыруы мүмкін.
«Қазіргі жастар арасында ЖЖБИ жиі кездеседі. Бұған себеп – жыныстық сауаттылықтың төмендігі, кездейсоқ серіктестердің көптігі және мүшеқапты қолданбау. Кей инфекциялар симптомсыз өтеді, бұл жағдайды ушықтырады. Алдын алу үшін ақпарат беру, мүшеқапты үнемі қолдану, медициналық тексеруден өту – басты қадамдар», деді маман.
Сонымен қатар маман АИТВ инфекциясының жастар арасында таралуы көбіне жеткіліксіз ақпарат пен медициналық сауаттың төмендігінен туындайтынын атап өтті.
«АИТВ туралы жастарда білім жеткіліксіз. Мектептер мен оқу орындарында бұл мәселе жүйелі оқытылмайды. Жастар АИТВ орталықтарында жасырын әрі тегін тест тапсыруға болатынын білмейді. АИТВ/ЖИТС – тақырып емес, бұл – өмірлік маңызы бар ақпарат. Оны әр жас білуі керек», деді дәрігер.
Жалпы, репродуктивтік денсаулық жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Дәрігерлердің айтуынша, бұл сауаттылық бала кезден қалыптасуы тиіс.