Экономика • 13 Мамыр, 2025

Мемлекеттен бала білімі үшін қалай ақша алуға болады

80 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Келешек» - балаңыздың жарқын болашағы үшін қазірден қамдануға мүмкіндік беретін бағдарлама. Осы бағдарлама шеңберінде ашылған шотқа алғашқы жарнаны мемлекет салады. Оның көлемі - 235 920 - 471 840 теңге. Жинақталған соманы бала колледж, еліміздегі тіпті шет елдегі ЖОО-дағы оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Жинақ салымшысы мемлекеттік грант иегері атанса шоттағы барлық соманы қолма-қол шешіп немесе баспана алу үшін қолдану тетігі қарастырылған. «Келешек» аясында депозит 0-5 жас аралығындағы балалар үшін ғана ашылады. Бастапқы білім капиталын ашудың өзге қандай шарттары бар? Ел азаматтары шот ашу үшін қандай қадамдар жасау керек? Egemen.kz редакциясы жолдаған сауалдарға «Отбасы банкінің» баспасөз қызметі жауап берді. 

Мемлекеттен бала білімі үшін қалай ақша алуға болады

Фото: egemen.kz/ Ерлан Омар

«Келешек» жаңа жинақтау жүйесінің қатысушысы болу үшін Отбасы банкінен «AQYL» білім беру жинақтау салымын ашу қажет. 

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы  471 840 теңге болып бекітілген. Бұдан басқа санаттар үшін мемлекет ашылған әр шотқа 235 920 теңге аударады. 

Мемлекеттен 235 920 теңге көлеміндегі бастапқы капиталды алу қадамдары қандай?

«AQYL» депозитін мынадай жолмен ашуға болады: 

  1. Баспана маркет порталында. Ол үшін otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетіңізге кіріңіз, «Менің банкім»  ашып, «Депозиттерге» өту керек. Әрі қарай, «Жаңа депозит» батырмасын басып, «AQYL» депозитін ашасыз;
  2. Отбасы банктің «Otbasy bank» мобильді қосымшасында да шот ашуға болады. Ол үшін мобильді қосымшада «Менің банкім» батырмасын басып, «Жаңа депозитті ашу» кезеңіне өтіп, «AQYL» депозитін таңдау керек;
  3. Банк бөлімшелерінде де шот ашу үшін алғашқы қадамды жасай аласыз.
  4. Кеңесшілердің көмегімен. Сілтеме арқылы өз қалаңыздан кеңесші таңдайсыз: https://hcsbk.kz/network-agents/.

 

Отбасы банкінде «AQYL» депозиттері ашылған адамдар не істеуі керек?

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толатын балалардың ата-аналарына 2025 жылдың 15 мамырынан 30 маусымына дейін Баспана маркет порталындағы (otbasybank.kz) немесе Otbasy bank мобильді қосымшасындағы Жеке кабинетте «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қоюы қажет. Бұл жағдайда бастапқы білім беру капиталы қолданыстағы депозитке есептеледі. Ақша 2025 жылдың 31 тамызына дейін түседі.

1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында 5 жасқа толатын балалар да биылғы жылы қосымша келісімге қол қоюы керек. Бұл кезең үшін қаражат 2026 жылдың 28 ақпанына дейін түсуі тиіс.

«Келешек» бағдарламасынан тыс «AQYL» депозитін кез келген жаста ашуға болады. Оны неғұрлым тезірек ашу арқылы, болашақ білім алуға соғұрлым ыңғайлы және тиімді қаражат жинау мүмкіндігі бар.  2025 жылдан бастап «AQYL» білім беру жинақтау салымын автоматты түрде ұзартумен кемінде 1 жыл мерзімге ашуға болады. Заң депозиттің жылдық тиімді мөлшерлемесін реттейді. Енді бұл Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты. Мысалы, қазіргі уақытта ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесінің деңгейі 16,5% құрайды, демек, салым мерзімі 1 жыл болғанда депозит бойынша ЖТСМ 14,5%-дан төмен болмайды. Депозит жаңа мерзімге ұзартылған кезде, ЖТСМ қолданыстағы базалық мөлшерлемеге сәйкес автоматты түрде өзгереді. Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады. Бұл оған да банктің сыйақысы есептелетінін білдіреді. Сонымен қатар, мемлекет жыл сайын «AQYL» депозиттеріне сыйлықақы есептейді. Салымшылардың барлық санаттары үшін ол 5% тең. Жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардан шыққан және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға ашылған депозиттерге 7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы есептелетін болады», делінген  «Отбасы банк» жолдаған жауапта. 

«AQYL» депозиті аясында  жыл сайын депозитке есептелетін сыйлықақының ең жоғары мөлшері 2025 жылы -  393 200 теңге. Мемлекеттік сыйлықақыны жинақтаудың ең аз мерзімі 1 жыл болғанда есептеледі, яғни оны алу үшін салым бір жылға толуы тиіс. Егер бұл депозитті 2025 жылдың ақпанында ашқан болсаңыз, онда мемлекеттік сыйлықақы 2027 жылы есептеледі, өйткені 2026 жылдың 1 қаңтарында депозиттің ашылғанына небәрі 11 ай болады.

Депозитті ашу үшін жинақтаушы міндетті бастапқы жарнаны, яғни,  11 796 теңге салуы тиіс (2024 жылы). Жетім балалардан бастапқы жарна сомасын салу талап етілмейді. 

«AQYL» депозитін жинақтаушы ата-ана үшін маңызды жаднама

«AQYL» депозитін жинақтауда ата-ана ескерер маңызды мәселе бар. Ол жыл бойына салымшы ең төменгі 94 368 теңгені жинақтамаса шот ашылғанда берілген мемлекеттік капитал бюджетке қайтарылады. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін биыл ең төменгі 47 184 теңгені жинанақтаса жеткілікті. Салымшылар бұл соманы жыл соңына дейін бөлшектеп немесе жылына бір рет қосып салуына болады. Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ашылған «AQYL» депозитіне жыл сайын міндетті жарналар салуға міндеттелмейді. 

Ал «AQYL» депозитіне жылдар бойы қаржы жинаған бала грант иегері атанса не болмақ деген сауалға қайта оралсақ. Онда бала диплом алғаннан кейін депозитте жинақталған қаражатты банктің капиталдандырылған сыйақысын, мемлекеттік сыйлықақы мен бастапқы білім беру капиталын аға-бауырларға, апа-сіңлілерге, туыстарға, достарға беруіне болады. Сондай-ақ, магистратура не доктаранура білімі үшін қолдануға рұқсат беріледі. Бастысы жинақталған қаржыны тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға болады.