Саясат • Бүгін, 09:10

Еріктілер жылына дайындық пысықталды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысының Халықаралық еріктілер жылын өткізу туралы тапсырмасын іске асырып келеді.

Еріктілер жылына дайындық пысықталды

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, 2026 жыл – Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Осыған орай елімізде ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы негізінде жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы­ның 75-сессиясындағы жалпы саяси пікірталас барысында ресми түрде жариялаған болатын.

Президент Қ.Тоқаев елімізде волон­терлік қызметті дамытуға айрық­ша мән беріп келеді. Ол ерікті­лікті Әділетті Қазақстанды құру жолын­дағы маңызды қоғамдық бастама­лардың бірі ретінде қарастырады.

Осы бастаманы ілгерілету мақса­тында кеше Астанада Халықаралық еріктілер жылын өткізуге дайындық мәселелеріне арналған Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті. Оған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқару­шы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және волонтерлік бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Жиын барысында министр А.Балаева еліміздегі волонтерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен отандастарымыздың жетістіктері жөнінде баяндады.

– Отандастарымыз әлемнің түкпір-түкпірінде еріктілік жобаларға, соның ішінде БҰҰ, ЮНИСЕФ сияқты халық­аралық ұйымдардың бастамаларына белсенді атсалысып келеді. Үкіметтің қолдауымен 2020–2023 жылдар аралығында тоғыз отандасымыз БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында волон­тер ретінде қызмет атқарды. Өткен жылы жеті волонтеріміз БҰҰ-ның Кения, Таиланд және Түркиядағы агенттіктеріне жіберілді, – деді А.Балаева.

Ұлттық ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен қатысушылар елімізде және тұтастай алғанда Орталық Азияда волонтерлер қозғалысын дамытуға, азаматтық белсенділікті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалар мен алдағы іс-шараларды талқылады. Спикерлер сондай-ақ Еріктілер жылына дайындық барысы туралы баяндап, жаңа жобалар жөнінде ой бөлісті.

БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Т.Құрбанов Қазақстан тарапына халықаралық еріктілер жылын ұйымдастыруға белсенді кіріскені үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің бұл бастамадағы көшбасшылығын ерекше атап өтті.

– Сіздердің белсенді қызметтері­ңіз елдегі волонтерлік мәдениетінің дамуына тың серпін беріп қана қой­май, Қазақстанды азаматтық бастама­лар саласындағы маңызды халықара­лық серіктес ретінде таныта білді. Бүгін­де Қазақстан – БҰҰ еріктілер бағдар­ламасына қатысушы ел ретінде өз позициясын нықтап, келешекте басқа мемлекеттермен жұмыс барысында біз Қазақ елінің оң тәжірибесін үлгі ретінде келтіретін боламыз, – деді Т.Құрбанов.

Отырыста тағы бір маңызды жаңа­лық – Алматы қаласында БҰҰ Еріктілер қозғалысының Орталық Азиядағы субөңірлік кеңсесі ашылатыны жария етілді.

– Біздің ортақ міндетіміз – мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдары бір­лесіп, волонтерлікке қолдау көрсету­дің орнықты жүйесін қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс барлық тарап­тың үйлесімді ынтымақтастығы­на негізделуге тиіс, – деп қорытындылады А.Балаева.