Экономика • 13 Мамыр, 2025

Цифрлық активтерді қолдануға дайынбыз ба?

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бізде цифрлы активтер «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) заңдастырылған. 2024 жылы қазанның аяғындағы мәліметтер бойын­ша цифрлық активтер қызметінің 16 про­вайдері бар. АХҚО баспасөз қызметінің дерегін­ше, 2024 жылдың 9 айында цифрлық активтер қызметінің провайдерлерімен операция көлемі 716 млн долларға жеткен.

Цифрлық активтерді қолдануға дайынбыз ба?

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, цифрлық қаржы сегментінің 4 бағыты айқындалды: цифрлық қаржы активтерін іске қосу және дәстүрлі құралдарды токендеу, криптовалюталардың реттелетін айналымын кеңейту, ұлттық валютамен қамтамасыз етілген стейблкоин шығару, эксперименттік құқықтық ре­жімдерді қолдану.

«Bereke Bank» цифрлық қаржы активтері бағытының жетекшісі Вячеслав Ануфриевтің айтуынша, 2025–2026 жылдары отандық цифрлық қаржы активтері нарығының көлемі 2 млрд доллардан асады.

Сарапшылардың айтуынша, криптовалюталарды сатып алу мен сатуға сұраныс өсіп жатыр. Адамдар шетелдік және реттелмейтін платформаларды жиі пайдаланады. Мұндай операциялардың қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін тек АХҚО емес, бүкіл ел аумағында жұмыс істейтін заңды cryptocurren cy алмасу платформасы құрылып, лицензиясы бар ұлттық провайдерді енгізу жоспарланып отыр. Ол белгіленген заңнамалық талаптар негізінде криптовалюталарды айырбастауға мүмкіндік береді. Бұл операцияларды «көлеңкеден» шығаруға, тұтынушыларды қорғауға және нарықты жақсы бақылауға көмектеседі. Тиісті заңнамалық түзетулер Мәжіліс қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген.

Ұлттық блокчейн қауымдастығының басшысы Дәурен Қарашевтің айтуынша, 2023 жылы олардың елдегі заңды айналым көлемі небәрі 350 млн доллар болса, 2024 жылдың соңында 4,1 млрд доллардан асқан.

«Олардың қайсысы заңды, қайсысы көлеңкеде жұмыс істеп жүргені күні бүгінге дейін зерттелген жоқ. Заңды айналымды қамтамасыз еткіміз келсе, мәселені нарыққа мониторинг жасаудан бастау керек. Бірінші кезекте нарықтағы ойыншылар бизнесінің құқықтық сипатына назар аудару маңызды. Бұл бағытты индустрияның ең бас­ты сегменті ретінде дамыта алсақ қалған мәселелер жүйе-жүйемен ретттеледі. Қазір ашық айналымдағы активтердің айналымы АХҚО базасындағы лицензияланған биржалар арқылы анықталады. Ресми мәлімет сол көрсеткіш бойын­ша түзіледі. Мемлекет басшысы бұл тәсілді өзгерту қажеттігін айтты. Әңгіме цифрлық активтердің анағұрлым кең заңды айналымына жағдай жасау, яғни құқықтық алаңда жұмыс істейтін компаниялар пулын кеңейту туралы болып отыр», дейді Д. Қарашев.

Оның айтуынша, Ұлттық банк ұсыныстары алаяқтық пен заңсыз платформалар қызметіне байланысты тәуекелдерді барынша азайтып, пайдаланушылардың нарыққа сенімін арттырады, инвестициялық климатты жақсартады. «Сала дамуы үшін барлық ойыншының белгіленген ережелерді ұстануы маңызды. Реттеудің бірыңғай стандарттары бәсекелестікке тең жағдай жасайды және нарықтың теңгерімін бұзбай тұрақты өсуін қамтамасыз етеді» дейді.

Қаржы талдаушысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, цифрлық активтер туралы айтқанда, оның артықшылығы мен кемшілігін нақты өлшеу қажет.

«Экономикасы дамыған елдердің өзі мұны биржалық актив, құнды қағаз немесе төлем құралы ретінде мойын­дауға асықпай отыр. Себебі оның бағамы туралы көзқарас нақтыланбаған. Дегенмен біздің қаржы сегменті бұл үдеріске дайын. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтер нарығын дамытуға ден қойды. Заң түзеліп жатыр», дейді А.Бейсембаев.

 

АЛМАТЫ