Ғылым • 12 Мамыр, 2025

Профессор Ұлбосын Есенбекова: Біріккен Ұлт болу – халқымыздың саналы күресі мен жүздеген ұрпақтың қажырлы еңбегі

170 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде рухы биік, мағынасы терең іс-шара өтті. Бұл күні «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты V халықаралық бейнематериалдар байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Профессор Ұлбосын Есенбекова: Біріккен Ұлт болу – халқымыздың саналы күресі мен жүздеген ұрпақтың қажырлы еңбегі

Сахнаға сарбаздар Мемлекеттік Туды алып шыққан кезде залда үнсіздік орнады. Бұл үнсіздік – құрметтің, мақтаныштың, әрі ұлт тағдырына деген жауапкершіліктің көрінісі болды. Димаш Құдайбергеннің орындауындағы Әнұран тыңдарманның жүрегін шымырлатты. Бұндай бастама «Біріккен Ұлт жеңеді!» V халықаралық бейнематериалдар байқауының биылғы финалын жаңа биікке көтерді.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып, «Ұлы Жеңісті ұлықтаған, рухы биік жас ұрпақ!» тақырыбымен жарияланған шығармашылық додаға Қазақстан оқу орындарынан басқа АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және Орталық Азия елдерінен 100-ден астам университеттерінен бейнематериалдар келіп түскен. Білім алушы жастардың жұмыстары тек тарихи тақырыппен шектеліп қоймай, ұлттың жады, бейбітшілік пен болашақ ұрпақтың рухани дамуы жөніндегі заманауи көзқарастармен ерекшеленді. Халықаралық ауқымдағы жоба тек байқау ғана емес, медиалық ынтымақтастықтың жаңа үлгісіне айналғанын көрсетті.

Байқаудың негізін қалаушысы – профессор, кәсіби тележурналист, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлбосын Есенбекова. 2020 жылы пандемия кезінде профессор өзінің осы жобасын ұсынған сәттен бастап, байқау жыл сайын өзектілігін арттырып, жастар үшін шығармашылық еркіндік пен патриоттық рухты тоғыстырған маңызды платформаға айналған.

«Жасанды интеллект пен алапат цифрлық дауылдар дәуірінде қазақ медиасын әлемге таныту – басты миссиямыз болды. Бұл байқау – ойы жүйрік, сөзі өткір, жаңа заман журналистерін тәрбиелеу алаңы», – деді Ұлбосын Есенбекова марапаттау салтанатының ашылуында сөйлеген сөзінде.

Салтанатты шараны ЕҰУ проректоры Бейсенбай Ардақ Бақытұлы құттықтау сөзбен ашты. Байқауға қатысушыларға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қазыбек Иса мен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Президенті Сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жанарбек Әшімжанов жүрекжарды лебіздерін арнады.

аҚазыбек Иса бұл жобаны «ұлттық идеологияны жаңғыртатын маңызды бастама» деп бағалады: «Бұл байқау – тек шығармашылық жарыс емес, жас ұрпақтың рухани кемелденуінің, ел мен жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Байқау тақырыбы жастардың жүрегіне жол табады, ал оның мазмұны — ұлттық идеологияны жаңғыртатын маңызды бастама».

Жанарбек Әшімжанов «байқау атауы – поэтикалық тіркес қана емес, ұлт болашағына сенім ұялататын ұран» екенін атап өтті: «Байқаудың өзі де, атауы да ерекше. «Біріккен Ұлт жеңеді!» деген атау – тек поэтикалық тіркес емес, ұлт болашағына сенім ұялататын шынайы ұран. Ал тақырыбы – «Ұлы Жеңісті ұлықтаған, рухы биік жас ұрпақ!» – жас буынның тарихи жадымен байланысын күшейтетін, елдік сана қалыптастыратын мәнді жолдау».

Байқаудың ең жоғарғы марапаты – Гран-При Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Фариза Бауыржанқызына табысталды. Ал І орын иегері – Nazarbayev University студенті Akbilge Kutym өзінің жеңісін ұстаздары мен жанашыр адамдардың ортақ жемісі ретінде бағалап, «Байқауға қатысу – тарихи салмағы зор әрі абыройлы міндет» екенін айтты.

II және III орын иегерлері, арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар салтанатты жиынға қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді, олардың видео-жобалары экраннан көрсетілді. «Кеңес Одағының Батыры – Ақәділ Суханбаев», «Мәңгілік ерлік: тарихтың аманаты», «Естелік. Ерлік. Өсиет» атты жұмыстар технологиялық орындалу сапасымен ғана емес, терең идеялық мазмұнымен де ерекшеленді.

Байқаудың Әділ қазылар алқасының шешімімен «Үздік идея», «Үздік режиссура», «Күлтегін», «Шерхан Мұртаза»,  «Сағат Әшімбаев», «Марат Барманқұлов», «Сұлтан Оразалин», «Лязиза Аймашева» және «Ақселеу Сейдімбек» атындағы арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Жеңімпаздарды марапаттауға еліміздің медиа және мәдениет саласының танымал тұлғалары – «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторының орынбасары Қуат Әуесбай, Turkistan TV телеарнасының басқарушы директоры Жанна Алдабергенова, профессорлар мен журналистер қатысып, жас буынның шығармашылық қуатына жоғары баға берді.

Қазақстанның 1990-шы жылдардың басындағы кәсіби дикторы Мұрат Әбзелбаев жиынға онлайн форматта қатысып, байқаудың «ұлттық идеяны технологиялық медиа тілімен өрнектеуін елдің ақпарат кеңістігіндегі жаңаша стиль» деген жоғары бағасын берді.

Профессор Ұлбосын Есенбекованың шәкірттері – Хабар, Khabar 24, Qazaqstan, Abai TV, Atameken Business пен Президент Телерадио кешенінің Jibek Joly және аймақтық телеарналардың басшылары мен жүргізушілері – байқауға қатысушылардың бейнематериалдарының заманауи форматта тарихты сөйлетіп, Ұлы Жеңістің жаңғырығын, бейбіт өмір мен ұлттық бірлікті көркемдік құралдармен жеткізуіндегі кәсібилікті бірауыздан атап өтті.

Qazaqstan ұлттық телеарнасының «АПТА» бағдарламасының редактор-жүргізушілері Дархан Рақымжан мен Данияр Қайыртай, Tansholpan ақпаратты-сазды жобасының тілшілері байқауға қатысқан отандық студенттер мен магистранттардың, болашақ кәсіби медиа мамандардың идеялық, технологиялық және азаматтық деңгейінің биіктігіне назар аударды.

а

Ұлттық телеарнаның Жаңалықтар қызметінің шеф редакторы Армангүл Тоқтамұрат пен жүргізушісі Альбина Әшім, Хабар телеарнасының журналист-жүргізушісі Сағыныш Әбікей «Біріккен Ұлт жеңеді!» байқауы ұлтты біріктіретін, рухты жаңғыртатын, болашақты сеніммен суреттейтін ерекше жоба екенін жеткізді.

Телевизиялық журналистермен қатар марапаттау жиынына қатысқан беделді басылымдардың өкілдері – «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан», «Қазақ үні», «Астана ақшамы» – байқаудың басты тақырыбы күрделі болса да, қатысушылардың жұмыстарының жоғары деңгейде, талғаммен жасалғанына қызығушылықтарын білдірді.

Профессор Ұлбосын Есенбекова өзінің қорытынды сөзінде ерекше бір шындықты атап өтті: «Біріккен Ұлт болу – бір күннің ісі емес. Ол ғасырлар бойы жалғасып келетін қазақ халқының саналы күресі мен жүздеген ұрпақтың қажырлы еңбегі».

Рас, бұл сөздерде ұлт ретінде ұйысуға үндейтін терең пайым бар. Ұлбосын Мейірбекқызы сондай-ақ: «Біз бүгін жеңімпаздарды емес, жаңашыл көзқарасты, ұлтқа, елге жанашыр азаматтық ұстанымды марапаттаймыз. Бүгінгі жеңімпаздар – Қазақ елін әлемге танытатын, ұлттық медианың жаңа беттерін жазатын білікті кәсіби мамандар болатынына сенемін», – деп жастарға үлкен сенім артып, олардың болашақтағы миссиясын айқын көрсетіп берді.

Біздерге профессор Ұлбосын Есенбекованың сөздері – алғыс пен тілек қана емес, ертеңгі қазақ журналистері үшін ұлттық мұратқа негізделген интеллектуалды манифест түрінде естілді.

Байқау соңында ұсынылған «Мен – Қазақпын» видеобаяны жүрекке жетер әсерлі финал болды. Нұржан Өмірбайдың сөзі мен Жарасхан Төлебайдың әуені жиынға қатысушылардың рухын көтеріп, салтанатты шараны жүрек тебірентер нотамен түйіндеді.