Мереке • Кеше

Жеңістің 80 жылдығы жарқын істермен есте қалды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Жеңістің 80 жылдығы жарқын істермен есте қалды

Осы өңірде тұратын соғыс ардагерлеріне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтаулар келіп түсті. Жеңісті жақындатқан ардагерлерге атаулы күнге орай ыстық лебізге толы хаттар, естелік сыйлықтар және Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік медальдар берілді. Бұл күнгі басты қуанышты жаңалықтың бірі – бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық пен құрмет ретінде Қонаев қаласында салынған тұрғын үйлерден демеушілердің атынан баспана кілтінің табыс етілуі болды. Сонымен бірге, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасымен аймақта тұратын көзі тірі 5 соғыс ардагеріне 5 миллион теңгеден әлеуметтік көмек берілді. Жеңіс күніндегі салтанатты шара облыс орталығындағы "Даңқ" мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Шараға облыс басшылығы мен әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, ардагерлер ұйымы мен түрлі мекеме өкілдері қатысты.а

Салтанатты рәсімге соғыс ардагерлері арнайы көлікпен жеткізілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің оркестрі шараны музыкамен әрлеп, мереке көркін қыздырды. Шараға қатысқандардың арасында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері Солтанбай Жарықбасов пен Алым Кибиров та болды.

Салтанатты шарада сөз алған Солтанбай ата "Жеңіс - біздің баршамызға ортақ тағылымды тарихымыз, біздің өміріміздің өзегі әрі даңқымыз, абырой-беделіміздің көрінісі" - десе, ал Алым Кибиров ата Жеңістің қадір-қасиетін кейінгі жас ұрпақ жадына сақтап, сезініп өссе деген тілегін жеткізді.

- Жеңістің 80 жылдық мерекесі тек ардагерлерге құрмет көрсетумен шектелмейді. Бұл күннің болашақ ұрпақ үшін де маңызы зор, - деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.

Мереке күні аймақ басшысы ардагер Оксана Бетебаеваға ҚР Президентінің атынан Құттықтау хат, естелікке сыйлық ұсынып, жаңа пәтердің кілтін табыстады.а

Мерекелік іс-шаралар облыс аумағында айрықша аталды. Облыс мұражайларында, кітапханаларда және Мәдениет үйлерінде көрмелер, еске алу кештері мен әдеби-танымдық кездесулер ұйымдастырылды.

Мәселен, облыстық кітапханада қайсарлық пен батырлық тақырыбында игі шара өтсе, ал Қарасай ауданындағы "Атамекен" орталығында жиналған қауым Халық қаһарманы, генерал-полковник Сапарғали Тоқпақбаевтың тағылымды әңгімесін тыңдады.

Жеңіс күнін мерекелеу 9 мамырмен шектелмесі анық. Облыс жастарының бастамасымен "80 жылға – 80 игі іс" акциясы қолға алынды. Бұл акция аясында 200-ден астам ардагерге көмек көрсетіледі. Еріктілер тыл еңбеккерлері мен жалғыз басты қариялардың шаңырақтарына бас сұғып, үй жинауға және ауласын абаттандыруға қол ұшын созуда. Мектеп оқушылары мен студенттер үшін де әскери бөлімдер мен шекара заставалары отаншылдық рухты көтеретін экскурсиялар өткізеді.

Сондай-ақ, Талғар ауданындағы Нұра ауылында бәйге өтіп, жарыста 100-ге жуық шабандоз өнер көрсетті. Жеңіс күніндегі игі шара Райымбек ауданы Талас ауылындағы соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштің ашылуымен түйінделді.

Алматы облысы.