
Фото: gov.kz
Ерке Байғабылова Астанада жұмыс істейді. Бұған дейін жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін баспана бағдарламасына қатысып, бес жыл бойы мемлекет берген пәтерде тұрған. Оның айтуынша, дәл осы уақыт өз үйін сатып алуға алғышарт болған.
«Мен «Елорда жастары» бағдарламасы туралы «Отбасы» банкінің өкілдері арқылы білдім. Мені бірден оның шарттары қызықтырды. Бар болғаны 10% бастапқы жарна және жылдық 5% төмен пайыздық мөлшерлеме. Бұл тиімді болды», дейді Ерке Байғабылова.
Жалдау мерзімі аяқталған кезде ақшасын да жинап үлгерген. Жалға берілген пәтерде тұрған бес жылда өз пәтерін сатып алу үшін қаржылық негізін қалаған. Астана тұрғыны мүмкіндігін жібермей, құжат тапсыруды жөн көрген.
«Бағдарлама өте тиімді болды. Банк менеджерлерінің өтініш беруден бастап соңына дейінгі барлық кезеңде бізбен бірге болғаны ерекше қуантты. Бұл маған сенімділік беріп, бүкіл процесті айтарлықтай жеңілдетті», дейді ол.
Қазір Ерке отбасымен бірге өз пәтерінде тұрып жатыр және «Елорда жастары» бағдарламасы көптеген жастарға маңызды қадам жасауға мүмкіндік беретінін айтты.
Айта кетейік, «Елорда жастары» бағдарламасы 34 жасқа дейінгі жастарға жеңілдікпен несие беруді ұсынады. Несиенің максималды сомасы 20 млн теңгеге дейін, мөлшерлемесі – жылдық 5%, бастапқы жарнасы – 10%. Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады.