
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Мемориалдық кешендегі «Мәңгілік алау» маңына жиналған жұртшылық гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан батырларды үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты жиын барысында Бейнеу ауданының әкімі Рақымжан Шалбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Бораш және ардагерлер кеңесінің төрағасы Шайхы Азанов сөз сөйлеп, соғыс ардагерлеріне деген халық алғысын білдірген.
«Бабалар рухына тағзым ету – ұрпақтар сабақтастығы мен өткенге деген құрметтің нақты көрінісі. Бұл – жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімін оятатын тағылымды шара», деді ұйымдастырушылар.
Шара аясында ардагерлердің ұрпақтары өздерінің ата-бабалары жайлы естеліктермен бөлісіп, олардың жауынгерлік жолы мен тылдағы ерліктерін баяндады.
Іс-шараны Бейнеу ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған.