
Фото: Ашық дереккөз
Биылғы әскери парадқа Шымкент қаласындағы №35748 әскери бөлімінің өкілдері белсенді қатысты. Аталған бөлімнің үрлемелі аспаптар оркестрі шеруде өнер көрсетіп, мерекелік рухты көтере түсті. Сонымен қатар, осы бөлімнен 7 әйел әскери қызметші сап түзеп, шеруге қатысты. Олар – әскери қызметтің түрлі бағытында табысты еңбек етіп жүрген нәзік жанды мамандар.
Қаланың өзге де әскери бөлімдерінен арнайы техникалар, сарбаздар мен офицерлер қатыстырылып, патриоттық шара жоғары деңгейде өтті. Парадтың шымылдығын Шымкент авиациялық әскери бөлімінің 6 Су-25 штурмовигі жапты. Бұл топты І-сынып ұшқышы, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полковник Ғайрат Талапшоев басқарды. Ұшқыштар Қазақстан Республикасы Туының бейнесін аспанда айшықтап, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.
Салтанатты шараны көру мүмкіндігі Шымкенттен арнайы Астанаға барған 15 еңбек ардагеріне де бұйырған. Олар парадты арнайы шақыртумен алдыңғы қатардан тамашалады.
«Менің атам мен әкем де Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бүгінгідей бейбіт заманда мұндай тарихи шараларды көру — мен үшін үлкен мақтаныш. Елдің қорғаныс қабілетін, жастардың сап түзеген сәтін көру — болашаққа деген сенімді арттырады», дейді қала тұрғыны, зейнеткер Өтелбай Амалбеков.