
Фото: Ашық дереккөз
«Біз Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аудардық. Еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды», деді Президент.
Президенттің айтуынша, ел аумағында «Батырларға тағзым» атты жалпыхалықтық шеру ұйымдастырылады. Шеруге қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ата-бабаларының суреттерін ұстап, көшелермен жүріп өтеді. Бұл – тарихи жадыны жаңғырту мен жас ұрпаққа бейбіт өмірдің құндылығын ұқтырудың маңызды тәсілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси ахуалға ерекше тоқталып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау – Қазақстанның басты мақсаты екенін атап өтті.
«Ақиқатты танымай, бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес. Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елдің сыртқы саясаты ұлттық мүддені қорғауға бағытталғанын айтып, халқымыздың болмысынан бейбітсүйгіштік пен ар-намыс биіктігі көрінетінін жеткізді.