
1919 жылы өмірге келген Улфат Дүйсенов Ақмола облысының Есіл ауданында туған. Мұғалімдер институтын бітіргеннен кейін оны Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Шал ақын, бұрынғы Октябрь ауданына қызметке жібереді. Осы жерден 1942 жылы соғысқа алынады. Қысқа мерзімдік кіші офицерлер курсын бітірген кешегі мұғалім кіші лейтенант шенін алып, пулеметшілер взводының командирі болып тағайындалады. Ол Батыстағы соғысты белшесінен кешіп, төрт рет жараланып, кіші лейтенанттан капитан шеніне дейін өсіп, «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталып, Мажарстан, Румыния, Чехославакия жерлеріндегі соғысқа қатысып, ақыры Екінші дүниежүзілік соғысты жапондарға қарсы майданда аяқтаған. Бұл уақытта ол Суворов атындағы «Қызыл Ту» орденді гвардиялық атқыштар дивизиясының 313-полкі батальон командирінің орынбасары екен. У.Дүйсеновті батыр атағына ұсынған құжатқа 313-гвардиялық полктің командирі, подполковник Баланко оның соңғы екі үлкен ерлігі туралы жазған. Алғашқысы 1945 жылдың 25 сәуірінде Чехославакия жеріндегі Славков қаласын алу кезінде болған. «Ауыр жарақаттан саптан шыққан командирдің міндетін мойнына алған Дүйсенов батальонды шабуылға көтеріп, ерлік үлгісін көрсетіп, Славков қаласын аз шығынмен босатты», делінген ұсыныс қағазда. Осы құжатта У.Дүйсеновтің соңғы ерлігі – Манжурияның Үлкен Хинган асуында батальонды 1 200 шақырымдық маршпен аман алып өткені, ал 1945 жылдың 28 тамызында Тунляо қаласының жанынан ағатын Ляхое өзенінен батальонды шығынсыз өткізе алғаны айтылып, батыр атағына ұсынылған. Бұл құжат 1945 жылдың 2 қыркүйегінде толтырылған. Алайда есіл ер тек «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Қан майданды белшеден кешкен У.Дүйсенов соғыстан аман келеді. Жоғарыдағы наградаларынан басқа ол «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен және жеңістің 40 жылдығында І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Улфат Дүйсенов ұзақ жыл білім саласында жемісті еңбек етіп, 93 жасқа келіп, 2012 жылы өмірден өткен. Оның атына Сергеев қаласының бір көшесі берілген.
* * *
Қазіргі Есіл ауданындағы Өрнек ауылдық округінің Талап ауылында 1918 жылы туған Шабай Рамазанов әскерге 1938 жылы Приишим (қазір Есіл) аудандық әскери бөлімінен шақырылған. Екінші дүниежүзілік соғысқа ол алғашқы күннен қатысып, 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз», 1945 жылы «Қызыл Ту» ордендерін, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын алған.
Қысқа мерзімдік офицерлер дайындайтын курсты бітірген ол 1945 жылғы 18 сәуірдегі Берлиннің маңындағы соғыста взводын бастап, фашистердің траншеясына түсіп, 25 фашистің көзін жойған. Лейтенант Рамазановтың взводы Берлин қаласының аумағындағы соғыстарда одан әрі де ерлік үлгісін көрсеткен. Взводын бастап, аса қауіпті химиялық зауыттың ғимаратына бекінген жауды талқандап, 80 фашистің көзін жойып, 120-сын қолға түсірген. Осы соғыста ол ауыр жараланса да, соғыс алаңын тастап кетпеген. Оны батыр атағына Богдан Хмельницкий атындағы Қызылтулы бригаданың 117-атқыштар полкінің командирі полковник Русаков 1945 жылдың 7 мамырында ұсынған. Алайда батыр атағы берілмей, «Қызыл Ту» орденімен шектелген.
* * *
Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Чкалов, қазіргі Тайынша ауданындағы Қарғалы ауылында 1922 жылы туған Байзулла Тасыбаев соғысқа 1942 жылы алынады. Ол 29-атқыштар дивизиясының 77-артиллерия батареясында қызмет етіп, Украинаның Днепропетров облысындағы Верхне- Днепров ауданындағы Одинец деревнясы үшін болған соғыста 1944 жылдың 22 ақпанында ерлікпен қаза табады. Аға сержант Б.Тасыбаев бұған дейінгі соғыстардағы ерлігі мен қаһармандығы үшін 1943 жылғы 16 қаңтарда ІІ дәрежелі «Отан соғысы», 1943 жылғы 8 ақпанда «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальмен наградталған.
1943 жылдың 29 қазанында аға сержант, зеңбірек командирі Байзулла Тасыбаевтың ерлігі туралы гвардиялық артиллериялық полктің командирі, майор Хроменков былай деп жазады: «1943 жылдың 29 қыркүйегінде Тасыбаев полкта бірінші болып Днепр өзенін жаяу әскермен бірге қайықпен кесіп өтті. 1943 жылдың 1 қазанында Одинец деревнясының түбіндегі ұрыста оның расчеті жаудың 7 шабуылын тойтарып, 1 «Тигр» танкісі мен 150 солдатының көзін жойды. 8 қазанда осы жердегі ұрыста фашистер Тасыбаевтың зеңбірегі орналасқан төбеге танкілермен шабуыл жасады. Осы ұрыста Тасыбаев жауды 100 метрге дейін жақындатып, бір ауыр, бір жеңіл танкісін жойды. Қалған танкілер Тасыбаев бекінген төбені жабыла атқылап, зеңбірегін істен шығарды. Осы ұрыста Тасыбаев ерлікпен қаза тапты».
Осы ерліктерді санамалап келіп, артиллериялық полктің командирі Хроменков аға сержант Б.Тасыбаевты қаза болғаннан кейін «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынады. Алайда батыр атағы берілмей, оған да «Қызыл Ту» орденін берумен шектеледі.
* * *
Қайредин Қаппасов 1913 жылы қазіргі Шал ақын, бұрынғы Октябрь ауданындағы Кеңес ауылында дүниеге келген. 2-кавалериялық дивизияның 10-кавалериялық полкінің семсер взводының командирі болған. Әскери шені гвардия аға лейтенанты. «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталған. Германияның Ландск қаласын алудағы соғыста ерлік көрсетіп, қаза болған. Қаза тапқаннан кейін оны 10-гвардиялық кавполктің командирі, полковник Филиппов батыр атағына ұсынады. Ұсыныста 1945 жылғы Германияның Ландск қаласының түбіндегі ұрыста Қаппасовтың взводына Кюлдов өзенінің көпірімен шегінбек болған 15-СС латыш дивизиясының қашуына жол бермеу тапсырылғаны айтылады. «Қаппасов жолдас өзінің ержүрек жауынгерлерімен бірге көпірді жауға бермей, 10 сағат бойы ұстап тұрды. 200-ге жуық жау солдатын жойып, оқ-дәрісі таусылған соң взводты Қаппасов өзі бастап штыкпен шабуылға көтерді. Осы ұрыста ол ерлікпен қаза тапты. Қаппасов жолдас Кеңес Одағының батыры атағына лайық», деп жазылған 1945 жылдың 22 наурызында берілген ұсыныста.
Амал не, бұл ағамызға да батыр атағы берілмейді.
* * *
7-гвардиялық «Қызыл Ту» және Суворов орденді Киевтік танк дивизиясының моторландырылған автоматшылар батальоны командирінің орынбасары, капитан Қабжат Тоқбергенов батыр атағына тізім арқылы басқа адамдар қатарында 1945 жылдың 23 сәуірінде ұсынылады. Ол – Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы Қаратал ауылдық-кеңесіндегі Сарыөзек ауылының тумасы. Әскерге 1941 жылы алынып, жеңіске дейін аман жеткен. 1943 жылдың 5 сәуірінде «Ерлігі үшін» медалін, осы жылдың 29 қарашасында «Қызыл Ту» және 1944 жылдың 28 қазанында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Ал 1945 жылдың сәуір айында берілген «Ленин» ордені оған батыр атағының өтеміне берілген болуы керек.
Қабжат Тоқбергенов соғыстан аман келіп, ішкі істер органдарында, одан кейін орман шаруашылығында қызмет істеген. 1961 жылы қайтыс болды.
* * *
Закария Құсайынов – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың (бұрынғы Совет) ауданындағы Амангелді ауылының тумасы. 1913 жылы туған ол 1941 жылдан соғысқа алынып, оны 1945 жылы жеңіспен аяқтаған. 464-полктің 3-ротасында қатардағы жауынгер болып қызмет еткен. 1944 жылдың 19 наурызында Днепр өзенінен дивизиядағы алғашқылардың бірі болып қайықпен өткен. Төрт адамдық топпен жаудың ДЗОТ-ын құрту туралы тапсырма алып, өзеннен біздің жауынгерлерді өткізбей тұрған пулеметтің үнін өшірген. Сол жерге өздері бекініп, шабуылдаған 30 шақты фашисті өткізбей, 8-ін жер жастандырып, қалғанын шегінуге мәжбүр еткен. Сонымен қатар фашистердің қатарындағы төрт румын солдатын тұтқынға алған. Сөйтіп, Днепрдің оң жағында плацдарм жасап, полктің өтуіне жағдай туғызған. Осы ерлігі үшін Закария Құсайыновты полк командирі Карташов 3 сәуірде Кеңес Одағының батыры атағына ұсынған. Алайда басқаларға бұйырған батыр атағы З.Құсайыновқа тимей, 22 сәуірде І дәрежелі «Отан соғысы» орденін берумен ғана шектелген.
Закария Құсайынов туған жеріне бір аяғын әскери госпиталда кестіріп оралады. Сәруар деген қызға үйленіп, одан 11 ұл мен қыз сүйген. Сондай-ақ оның бұрынғы әйелінен екі ұлы болған. Өмірінің соңына дейін туған ауылы Амангелдіде жұмыс істеген.
P.S. Осы құжаттардың бәрі Солтүстік Қазақстан облыстық архивінен директоры Сәуле Мәлікованың көмегімен алынды. Бұлардың біразы «Халық жадында» порталына шыққан, ал қалғаны алғаш рет жарияланып отыр. Сонымен қатар архив қызметкерлері соғыстан аман келгендердің ұрпақтарын да тауып, аталарының ерлігі жөнінде хабардар еткен. Қазір батыр атағын алған солтүстікқазақстандықтар қатарында үш-ақ қазақ азаматы бар. Егер мына алты ағамыз үлкен атақты алған болса, онда батырлардың саны үш есе көбейген болар еді...
Солтүстік Қазақстан облысы