
Биыл өңірде алғаш рет модульді лагерь қолға алынды. Облыстың 5 ауданындағы жазғы сауықтыру лагерлерінде 54 модульдік жатын бөлме, 2 асхана, 4 әжетхана орнатылады. Осылайша өңірдегі балалар демалысын ұйымдастыру ісіндегі басты түйткіл – орын тапшылығы мен санитарлық талаптардың сақталмауы мәселелері шешімін таппақ.
Модульдік конструкциялар – заман талабына сай, әсіресе, жазда балаларды жылдам әрі сапалы түрде жайғастыру үшін өте қолайлы. «Төлеби нұры», «Тау шыңы», «Балауса», «Тау барысы» және «Балдәурен» лагерлеріне орнатылатын модульдер бір ауысымда мыңнан астам баланы қабылдауға мүмкіндік береді. Жалпы жазғы маусымда бұл лагерлерде 10 мыңға жуық бала демалады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жатын орындармен қатар, санитарлық тораптар мен асханалар да дайындалып жатыр.
Сондай-ақ, жазғы сауықтыру кешендерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мысалы, өңірдегі «Самал» жазғы сауықтыру лагері 20 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Терезелер мен есіктер жаңартылып, ішкі әжетханалар орнатылып, ғимаратқа сырлау және әктеу жұмыстары ұйымдастырылды.