
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, азаматтық авиация, туризм саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, цифрлық қызметтер енгізу және ЖИ интеграциясы бойынша озық тәжірибе алмасу перспективалары қаралды.
Жоғары деңгейде қол жеткізілген тауар айналымын $2 млрд-қа дейін арттыру жөніндегі уағдаластықтар шеңберінде Қазақстанның 35 тауар аталымы бойынша Вьетнам нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға дайындығы атап өтілді. Олардың ішінде мұнай-химия, металлургия, химия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да өнімдер бар.
Ауыл шаруашылығы саласында оң серпін белгіленді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстан мен Вьетнамның АӨК өнімдері бойынша сауда көлемі 3,5%-ға, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу 15 есеге өсті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталған заманауи агротехнологияларды енгізу үшін ғылым саласында тәжірибе алмасу келешегі зор бағыт саналады.
Көлік-логистика саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Орта дәліз Вьетнамнан жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл өзара сауданы сапалы жаңа деңгейге шығарады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауға ниетті екендерін білдірді.