
Дамудың бұл сипаты қазіргі қоғамның мәдени институттарының өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Сондықтан да қазақ мәдениетінің айшығы көшпелі рухтағы дала өркениетінен бастау алады. Соның ішінде көшпелілер өмірінің мәдени символына айналған ою-өрнектердің тарихи-танымдық маңызы зор.
Жалпы ұлттық киімнің әрбір элементі халық дүниетанымын, мәдениетін, дәстүрін, эстетикалық талғамы мен тарихи жолын бейнелейді. Ал ұлт құндылығына әр берген киімдердегі ұлттық элементтерді зерттеу арқылы біз ұлттың рухани байлығын, эстетикалық талғамын және өмір салтын тереңірек түсінеміз. Демек, ұлттық киімдерімізді сақтау және насихаттау – болашақ ұрпаққа мәдени мұрамызды жеткізудің бірден-бір жолы.
Расында, ою-өрнектер – халқымыздың рухани және көркем мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ол тек сәндік элемент қана емес, сонымен қатар терең мағына мен символиканы қамтитын ұлттық код ретінде де саналады. Орнаменттер киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар, сәулет өнері мен зергерлік заттарда кеңінен қолданылып, ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріске ұшырап, жетіліп отырған.
Мәселен, ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған Санкт-Петербор қаласында жарық көрген әйгілі суретші, педагог Н.Ф.Лоренц еңбегінде: «Орнаментика – есть особая широкая область искусства, весьма интересная и серьезная по своему историческому значению и по своему близкому, разнообразному соотношению с другими, высшими изящными искусствами. Орнамент у развитых народов характеризуя и так сказать символически выражая назначение каждого украшаемые им предмета или его отделный части дает ему известную внешнюю осмысленность – физиономию и жизнь. Были народы у которых орнаментальное искусство достигало высочайшей степени развития сравнительно с другими искусствами (Лоренц, Николай Федорович. Орнамент всех времен и стилей: 100 табл. с объяснительным текстом Н.Ф. Лоренца. – Санкт-Петербург: А.Ф. Девриен, 1898. – 174 с)», – деп әр халықтың тарихындағы ою-өрнектердің маңызды екендігін атап өтеді [1.2-3]. Демек, ою-өрнек өнері тек сән үшін ғана емес, белгілі бір заттың, кеңістіктің немесе ортаның мағынасын айқындайтын символдық сипатқа ие. Бұл оюдың тек қолөнер немесе декоративтік сипаттағы элемент емес, сонымен қатар, тарихи, этнографиялық, тіпті дүниетанымдық мәні бар екенін білдіреді.
Қазақ халқының дәстүрлі орнаменттерін алып қарасақ, әрбір өрнектің өз атауы, символикасы, белгілі бір ұғымға меңзеуі бар. Мәселен, «қошқар мүйіз» өрнегі – байлық пен молшылықты, «тұмар» – қорғаушы күшті, ал «ирек» – өмірдің ағысын, тоқтаусыз қозғалысын бейнелейді. Бұл өрнектер тек киіз үй жабдықтарында ғана емес, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен сәулет өнері элементтерінде де кеңінен қолданылған.
Ал талай жыр-дастанға арқау болған қазақ аруының көркіне бүркіт қауырсынды тақия, күміс шашбау ерекше сән берген. Қазақ қызы орамал тақпаған. Ал ұзатылғанда – сәукеле киген. Бір қызығы сәукеленің биіктігі – мәртебенің белгісі саналған. Бай қыздарының сәукелесінің биіктігі шамамен екі қолды төбеден асыра созып, саусақтардың ұшын түйістіргендей ұзын болған деседі. Сондықтан да әшекей – жай ғана сән емес, тұмар болған. Қазақ ою- өрнектері жамандықтан қорғайды деп сенген. Өйткені әр оюда – мағына бар, әрбір кестеде – тарих бар.
Сондай-ақ, ою-өрнектер халықтың тұрмыс-салтына, наным-сеніміне, табиғатпен қарым-қатынасына негізделеді. Әсіресе көшпелі тіршіліктегі қазақ халқы үшін орнамент – қоршаған ортаны қабылдаудың, тіршілікті символдар арқылы бейнелеудің бір тәсілі болды. Осы орайда, ұлттық ою-өрнектер тек көркемдік мұра ғана емес, сондай-ақ ұлттың мәдени жады мен танымының ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс.
(Н.Ф.Лоренцтің «Орнаментъ всьхъ временъ и стилей» еңбегі)
Мәселен, XIX ғасырдағы қазақ даласына ойша сапар шегіңізші. Бір ауылдың үстінен өтіп бара жатырсыз делік. Алдыңыздан екі адам шықты: бірі – жібек шапан жамылып, беліне күміс белбеу байлаған, басында алтын зерлі бөрік. Екіншісі – қарапайым қалың шапан киген. Бір қарағаннан-ақ олардың қоғамдағы орнын аңғаруға бола ма? Әрине, болады. Өйткені ерте заманда қазақ киімі – жай ғана киім емес, адамның мәртебесін, жасын, отбасылық жағдайын, дінін, тіпті мінезін де көрсететін айна болған.
Бұған генерал-лейтенат, губернатор М.А.Фольбаумның фотоальбомы дәлел. Фотоальбомда Романовтар әулетінің 300 жылдығына 1913 жылы Жетісу ауылшаруашылық-өнеркәсіп көрмесінде қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен киім киісі көрсетілген [2]. Генерал Фольбаумның фотоальбомы ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған.
Фотоальбомда бейнеленген қазақтардың дәстүрлі киімі – жай сәндік элемент емес, терең тарихи, әлеуметтік және мәдени мәнге ие рухани код екені көрінеді. Әр киім үлгісі белгілі бір әлеуметтік топқа, жынысқа, жас ерекшелігіне, тіпті отбасындағы орнына қарай таңдалып тігілген. Мысалы, бойжеткен қыздардың үкілі тақиясы мен кәмшат бөркі олардың жас ерекшелігі мен сұлулығын айқындаса, тұрмысқа шыққан әйелдердің кимешегі мен сәукелесі олардың отбасылық мәртебесін білдіретін. Ал ер азаматтардың киіміндегі ерекшеліктер – жауынгерлік белдік, қаптал шапан, кестелі шекпен – олардың байлығы мен әлеуметтік дәрежесін танытқан.
М.А. Фольбаум жинаған деректер мен фотосуреттерден (Фотоальбом военному губернатору Семиреченской области генерал-лейтенату М.А.Фольбаум от Киргиз-Верненского уезда участвующих на Семиреченской сельско-хозяйственной промышленной выставке 1913 г в память 300-летия царствования Романовых. – Алматы: 1928, – 138 с). қазақтардың тек киім арқылы ғана емес, сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнері, зергерлік бұйымдары арқылы да өзіндік эстетикасын қалыптастырғанын байқауға болады. Өйткені әрбір әшекей – тек сән үшін емес, сол адамның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдениетін, наным-сенімін, дүниетанымын көрсететін символ.
Бұл дәлелдер қазақтың дәстүрлі киімін ұлт руханияты мен материалдық мәдениеттің ажырамас бөлшегі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Заманауи қоғамда мәдени мұраны зерделеп, қайта жаңғырту – ұлттық сана мен бірегейлікті сақтаудың маңызды жолы.
(М.А.Фольбаумның фотоальбомының мұқабасы)
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің қорында сақталған 1939 жылы Мәскеу қаласындағы «Искусство» баспасында басылған суретші Е.А.Клодттың «Казахский народный орнамент» тарихи-танымдық кітабында еліміздің солтүстік өңіріндегі ұлттық өрнектер бейнеленген [3]. Фотоальбомда 54 сурет берілген. Әр ою түрлі-түсті бояумен боялған.
Ақын В.Чепелевтің алғысөзімен жарық көрген альбомда Клодтың 1927, 1930, 1934-1935 жылдары Омбы қаласындағы қалалық мұражайдың тапсырмасымен еңбек еткені жазылған. Сонымен қоса, алғысөзде В.Чепелев: «Почему содержание старого казахского искусства находит свое выражение только в орнаментальной форме с ее условными изображениями и простотой декоротивных формул? – деген сауалға: «Объяснение этому надо искать в своеобразии обстановки исторического развития казахской культуры. Художественный труд казахов в прошлом определялся главным образом условиями семейно-родового уклада и только начинал подниматься до уровня ремесленной фазы развития. Он был связан с кочевым производством и во многом подчинен ему. Производство художественных изделий сохраняло еще характерный отпечаток общественно неразделенного труда. Узоротворчество было продуктом художественной деятельности всего народа. Формы художественного познания определялись примитивными религиозными представлениями о мире», – деп жауап береді [3.5]. Ал қазақ ою-өрнектерінің генезисін: «Казахский народ создавал свое своеобразное искусство узора в широком культурном общении с другими народами Алтая, Монголии, Средней Азии и др. Легко прослеживаются тесная художественная связь и родственность казахского узора с туркменским, бурят-монгольским, таджикским, киргизским орнаментами. Мотивы, близкие ряду старейших казахских узоров, мы находим и в скифо-алтайском круге искусства. Раскопки на Алтае и в Ойротии также обнаружили в древней резьбе и в обрывках тканей стилистически очень родственные мотивы (Казахский народный орнамент. Зарисовки художника Е. А. Клодта. Вводная статья и примечания к таблицам Чепелева В. М.: Искусство, 1958. – 170 с)», деп жазады [3.7].
(Е.А.Клодттың «Казахский народный орнамент» кітабының мұқабасы)
Шынымен де, қазақ ою-өрнектерінің генезисін типологиялық тұрғыдан қарастырғанда, олардың терең тарихи тамырлары мен көршілес халықтармен мәдени өзара ықпалдастығы айқын көрінеді. Бұл өрнектердің қалыптасуы мен дамуы тек қазақ халқының ішкі мәдени эволюциясының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар Алтай, Моңғолия, Орта Азия халықтарымен тығыз мәдени байланыстардың жемісі.
Қазіргі уақытта бұл альбом қазақ халқының көркемдік мұрасын зерттеушілер үшін құнды дереккөз ретінде саналады. Кітап ұлттық өнердің тереңдігін, оның тарихи және мәдени мәнін түсінуге мүмкіндік береді.
Түйіндей келе, дәстүрлі қазақ киіміндегі ою-өрнектердің тарихы көшпелі дәуірдің салтымен сабақтасады. Сондықтан да бүгінге дейін сақталып жеткен өрнектердің тарихының терең, мазмұнының асқақ екендігін жоғарыдағы ғасырдан астам уақыт бұрын жарық көрген еңбектер арқылы көрсеттік. Алайда келер уақытта мұндай мәдени мұраларды тек зерттеп қана қоймай, оларды кеңінен насихаттау, болашақ ұрпаққа жеткізу – маңызды міндет. Тек сонда ғана дәстүрлі ою-өрнектерді заманауи сән, дизайн, білім беру саласына енгізу арқылы ұлттық болмыс пен танымымызды сақтау мен жаңғыртуға мүмкіндік туады. Бұл эстетикалық құндылық емес, сонымен қатар, ұлттың рухани-мәдени кодының көрінісі. Сол себепті өнертану саласындағы жаңа бағытта жасалатын ғылыми зерттеулер мен қолданбалы өнердің бірлігі – ұлттық мұраның өміршеңдігін қамтамасыз ететін негізгі тетік деп білеміз.
Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН,
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры