Жасанды интеллект • Бүгін, 12:00

«Түркістан сақшылары» қалай түсірілді

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда түркістандық IT маманы  Ғасыр Құралбайұлы жасанды интеллект арқылы жасалған алғашқы қазақ тіліндегі мультфильмді көрермен назарына ұсынды. Ол «Түркістан сақшылары» туындысын дайындау барысында   ChatGPT, RunwayML, Kling Ai, Hydra AI, ElevenLabs сынды ЖИ бағдарламаларының көмегіне жүгінген. Мультфильмнің басты кейіпкерлері ретінде Ақпантер – барыс, Алтынқанат – қыран, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған ақылгөй тасбақа бейнелері таңдалған. Толыққанды 3D форматтағы мультфильм сюжеті еліміздің рухани ордасын қасаң ой, теріс әрекеттерден қорғау төңірегінде өрбиді, деп жазады Egemen.kz.

«Түркістан сақшылары» қалай түсірілді

IT маманның анимациядағы бұл айтулы жаңалығы - сала көкжиегін кеңейтудің тың тәсілі. Жалпы мультфильм «инемен құдық қазғандай» еңбекпен жасалатыны баршаға аян. Ал жасанды интеллект анимациядағы осы ауырды жеңілдетіп, миллиондаған қаржыны қалтада қалдыруға оң үлес қоса алады. ЖИ-дің жетілдірілген нұсқасын кәдеге жаратқан Ғасыр Құралбайұлы бастаманы жүзеге асыруға түрткі болған ой мен жасанды зерденің қазақ тілін қаншалықты меңгергенін тарқата айтты.

«Жасанды интеллект ChatGPT-дің кейінгі жаңартуынан соң қалың ой құшағында қалдым. Бұрын ғалымдардың болашақта  кинотеатрларда тек ЖИ арқылы жасаған мультфильм, кино көреміз дегеніне таңырқай қарайтынмын. Осы идеяны басшылықтың қаперіне салып, Қазақстан бойынша қазақ тілінде бірінші болып ЖИ арқылы мультфильм жасап шығаруды ұсындым. «Turkistan» телеарнасының басшылығы қолдау білдіріп, ақылы ЖИ жазылымдарына  қаржы бөлді. Осыдан кейін іске кірісіп «Түркістан сақшыларын» жарыққа шығардық», деп атап өткен ол мультфильмнің басты кейіпкерлері ретінде барыс, қыран тектен-тек таңдалмағанын айтты.

«Барыс пен Қыран ел «Қызыл кітабына» енген, ерекше қастерлейтін жануар, құсымыз екені белгілі. Туымызда  бейнеленген қыранды насихаттауды да көздедік. Алдағы уақытта шығаруды жоспарлап отырған 10 серия Түркістан өңірінің өмірімен тығыз байланысты кейіпкерлермен толығады. Меніңше, болашақта миллиондаған ақшаға 6-7 айлап мультфильм жасайтын дәуір бастан көшеді. ЖИ арқылы кез келген уақытта әр кейіпкерді өзгерте аламыз», деді мультфильм авторы.

ыы

Ғасыр бұл мультфильмді жасауға бас-аяғы 10 күнін арнаған. Анимацияның саундтрегін ақын Құрал Көмек жазса, кейіпкерлерді Түркістан театрының актерлері дыбыстаған. Автордың айтуынша, ЖИ арқылы мультфильм жасау отандық контентке де серпіліс береді. Ол үшін жасанды зердеде қазақтың төл әріптерін жиі қолданып, оны меңгеруіне жұмыла кіріскен жөн.

«Мультфильмді жасау барысында біздің төл әріптерімізді бейнелеуде  ЖИ әлі бірден түсіне қоймайтынын аңғардық. Промтты түрлендіріп немесе арнайы дизайнмен бұл кедергілерді еңсеруге тырыстық. Кейде ЖИ өзің қалаған әрекет немесе мимиканы дөп бере алмай жатты. Сонда да болашақта промттар өңделіп, қайта оқылып сапалы  бейнелер шығатынына сенемін. Сондай-ақ, жобаны Youtube платформаға апта сайын шығарып, тұрақты монетизацияға қосылу авторға - пайда, оқырманға -  сапалы контент болмақ», деп атап өтті ол.  

«Түркістан сақшылары» туындысынан кейін оқушылар арасында ЖИ арқылы мультфильм жасауға қызығушылық артқанын желіде жазылған пікірлерден байқадық. Ғасыр осы бағытта жұмыстанғысы келетіндерге идея тұрғысынан тереңірек ізденіп, әлемдік, отандық үздік мультфилмдерді көбірек көруге кеңес берді. Ал Қазақстандағы ЖИ арқылы жасалған тұңғыш мультфильмнің авторы мұнымен тоқтап қалмай, балалалардың бойында өр рухты оятып, қазақы тәлім-тәрбиені сіңіретін бірқатар сапалы мультфильм шығаруды жоспарлап отыр. 

Айта кетейік, бүгін мультфильмнің 2-сериясы «Түркістанға төнген қаражелен» атауымен көрерменге жол тартады.