06 Мамыр, 2015

Кітапхана кітаппен толықты

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қызылордадағы Әбілда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 23 сәуірБүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні мерекесіне орай «Тағылымды тартукітапханаға кітап сыйлау» акциясын ұйымдастырды. Акцияның негізгі мақсаты – жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, бірлікке шақырып, құрмет пен жасампаздық рухындағы патриоттық тәрбиеге баулу. Сонымен қатар, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Сонау ХIХ ғасырдан бері ғұламалар мұрасын ғасырдан-ғасырға дейін сақтап, талай оқырман үшін білім ордасы болған киелі шаңырақ, бүгінде жаңа заман талаптарына сай қызмет көрсетуде. Бүгінгі кітапхананың мұраты қала жұртшылығының сұранысын қамтамасыз ету үшін өз ақпараттық әлеуетін нығайту, пайдаланушылардың өскелең талабын қанағаттандыру және жоғары эстетикалық талғам қалыптастыру, ақпараттарды білуге деген талап-тілектеріне қолдау көрсету, электрондық ресурстарды тиімді қолдануға үйрету екен. Кітапхана қорын түрлі құ­жаттармен қамтамасыз етіп, жастарды оқуға тарту мақ­сатында ұйымдастырылған ак­цияға Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының директоры, ақын Қаршыға Есімсейітова, жазушы Бегімбай Ұзақбаев, Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры М.Матаев, ғалым­дар, зиялы қауым өкілдері, су­ретшілер мен кітапхананың тұ­­рақты оқырмандары қа­тыс­ты. Аймақтардан жеке азаматтар арнайы хабарласып, тарту-таралғысын ұсынды. Атап айтқанда, А.Сопыбеков, А.Сәдібекұлы, Р.Наурызбаева, С.Аңсатов, С.Жұбатыров, А.Ша­махова, Р.Бекбергенова, Т.Тебегенов, Н.Көбегенұлы, Ж.Жақып, Ш.Бекмағанбетов өзде­рінің туындыларын және жеке кітапханаларынан құнды дүние­лерін сыйға тартып, қалың оқырманды қуантты. Былай қарасаңыз, кітаптар да адамдар сияқты. Оның да өзіндік тағдыры бар. Олар да тұлғалар секілді адамзатпен бірге жасайды, иесімен бірге туылып, иесімен бірге өмір сүреді. Кітап – адамды арман биігіне самғатады, ақыл-ой әлеміне шарлатады. Кітапхана фойесінде «Сыйға тартылған кітаптар», «Сіздің шығармаңыз» атты көрме ұйым­дастырылды. Облыстық филармония әншілері акцияға қатысушыларға ән шашуларын сыйлады. Бұл күні кітапхана қоры 202 дана кітаппен толықты. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.