Жаңа рекордтың жай-жапсарын кеңірек баяндайтын болсақ, Алматының Жетісу ауданында Қазақстан халқының Бірлігі күні Айнабұлақ шағынауданындағы №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен еді. Осы мерекеде ел тарихындағы ең ұзын – 1704 метр болатын лағман созылып, бұл мәлімет Қазақстанның Рекордтар кітабында ресми түрде тіркелді.
Бір жағынан бұл жай ғана гастрономиялық оқиға емес, көпұлтты шаһар тұрғындарының ауызбіршілігінің нышаны іспетті, жүреккке жылылық ұялатқан сәттер еді. Алматының 50-ден астам аспазы мен аудан тұрғындары екі сағаттың ішінде лағманның қамырын илеп, ең ұзын лағманды дайындап үлгерді. Түрлі этностардың өкілдері ортақ дастархан үшін бірлік танытып, бір кісідей күшін салды.
Қазақстан Рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы: «Лағман қанша метр болса да жаңа рекорд орнатылды, өйткені мұндай іс-шара елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Біз лағманның ұзындығын ғана емес, ұлтаралық байланыстардың беріктігін де бекітеміз», деді.
Дәл осы күні бір үстелдің айналасынан қазақ, ұйғыр, өзбек, дүнген, корей мен басқа ұлт өкілдері табылды. Біреу қамыр илесе, екіншісі иін келтіріп, көңілді жүрді. Жиналғандар үшін бұл күн нағыз мерекеге айналып, онда әркім өзін үлкен, тату отбасының бір бөлігі ретінде сезінді.
«Әрбір қатысушының алдында қамырдың үзілмеуін қадағалау міндеті тұрды. Кейбір қиындықтарға қарамастан, аспаздарымыз үдеден шықты», – дейді Алматы қаласы Жетісу аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Омарова.
Аспаздық оқиғаға болысқан Зухра Измасова рекорд орнатудың өзі қиындығы болатынын мойындап: «Сәл ауыр, тым ұзын лағман, бірақ тапсырма неғұрлым қиын болса, соғұрлым қызықты болады екен», дейді.
Жетісу ауданының Ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамара Шәкірова да іс-шараның жұмысшы мамандықтар жылына арналғанын атап өте келе: «Қоғамдық тамақтану орындарының көпшілігі Жетісу ауданында шоғырланған. Бүгін шығыс тағамдары аспазшыларының жұмысы көрсетілді. Мұндай кереметті әркім жасай алмайды. Қарапайым жұмысшыларды да қадірлей білу керек», дейді.
Осылайша, Жетісу ауданының тұрғындары мен этномәдени орталықтары айтулы оқиғаға ұйытқы бола білді.