
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамына деген жан-жақты қолдау артып, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға баса назар аударылуда. Бұл бастама – еңбек адамына деген терең құрметтің айқын белгісі әрі олардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам.
Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданында Жастар ресурстық орталығының бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен Есік қаласында «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» ашылды.
Шараға ауданның белсенді жастары, еңбек ардагерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шара барысында Есік кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері мен еріктілері бірігіп, ағаш көшеттерін отырғызып, аллея аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастардың еңбекке деген құрметін арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы жариялаған “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасының аясында ашылған «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» – еңбек адамына көрсетілген шынайы құрметтің көрінісі ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің тағылымды үлгісі.