Халық • Бүгін, 10:50

«Мемлекет мүддесіне қызмет етуіміз керек»

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Константин Лунин – ой өрнегін терген ақын ғана емес, қазақ жері мен қазақ батырларының тарихын тереңнен зерттеп, поэзиялық ірі шығармаларды дүниеге әкелген, елдің мүддесі үшін жұмыс істеп жүрген белсенді ақсақал. Жасы сексеннен асқан Костя ағаймен тілдесудің сәті түсті.

«Мемлекет мүддесіне қызмет етуіміз керек»

Қазақ тарихындағы қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғаларды Костя ағай аз білмейді. Тарихты танып, қазақтың салт-дәстүрі мен менталитетін игергені жақ­сы адамдардың жанында көп болғанымның пайдасы деп есеп­тейді. Өзі техника ғылым­дары­ның кандидаты, көп жыл Павлодардағы автоматтандыру және механикаландыру жобалық конструкторлық-технологиялық институтында бас конструктор болып еңбек еткен.

– Ерлік жасайтын адамдарды жақсы көремін. Ал қазақтың тарихына, соның ішінде Ертіс-Баян өңірінің өткеніне үңілсек, қол бастаған Малайсары тархан, Жасыбай, Баян, Мойнақ сияқ­ты атақты батырлар болған. Жаугершілік замандағы ерлік істерінен қанаттанып, Кенесары хан, Малайсары батыр туралы жырлар жаздым. Бұл батырлық дәстүр Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары да жалғасты. Ел басына күн туған шақта қазақ азаматтары алғы сапта қару ұстап, майданға аттанды. Өкінішке қарай, сол қайғы-қасіретке толы соғыстағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі көп айтылмай, ашылмай жатыр. Біраз жыл архивте отырып, 1942 жылы Ақмола, Қарағанды, Павлодар өңірлеріндегі кілең қазақ жігіт­терінен құралған «106-ұлттық кавалерия дивизиясы» туралы тың деректерге кезіктім. Ол туралы кеңестік әдебиеттерде мүлде айтылмайды. Бұл дивизияға кейбір қазақ азаматтары өз тұлпарымен қосылса, енді біріне ауылдастары жиналып ат сатып әперген. Бұдан асқан патриотизмнің үлгісі бар ма? Кеңес билігінің ұлттық дивизия құруына қазақтар батыр халықтың ұрпағы екенін ескеруінен болар деп шамалаймын. Еш әскери дайындықсыз апарған 4 мыңдай адам Харьков түбіндегі қан майданға құр сапы қылышпен кірген. 4 мың адамға 102 винтовка, 1 пулемет қана бері­леді. Қанқасап қырғында қазақ дивизиясы немістердің танк дивизиясына қарсы тұрған. Алайда заманға сай қаруы жоқ, жалаң қылышпен шапқан жауынгерлер немістерге қайтіп тұра алсын, майдан даласында қынадай қырылады. Сол дивизиядан аман қалғандардың қарасы қос қолдың саусақ санына да жетпейді. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ауыр трагедиялардың бірі, – деп күйзелді Константин Васильевич.

Заманында Абылай хан өз қылышын сыйлаған Мойнақ батырды біраз жыл насихаттаған ақын оның туған жері – Ертіс ауданындағы бір ауылға есімін беру мәселесін көтерген. Бірақ ауыл тұрғындары ақынның меселін қайтарып, бұл ойы іске аспай қалды. Қазір өзі тұратын Пав­лодардағы Малайсары көше­сі кезінде Суворов аталған. Конс­тан­тин Васильевич жергілікті қазақ ақындарымен тізе қосып, көшеге Малайсары тархан атын беруге үлес қосты. 1-Южная, 2-Южная, Степная және тағы басқа көшелерге қазақтың белгі­лі тұлғаларының есімдері беріл­генде, бұл ұсынысқа қарсы шық­қандарды сынап өз тілінде өлең де жазды. Әр сөзі дәлелді, өткенмен байла­ныстырып өретін оның жырлары кейбіреулерге ұнамаса да ақынның шын жүрегінен ақтарыла шыққан тілегі екенін аңғаруға болады.

Луниннің өлеңдерінде қазақ жерінің тарихы ғана емес, ұлылар­дың аманаты, ұлт рухания­ты, мәдениеті мен болмысы сарнап жатыр. «Бейбарс», «Великая степь восходящего солнца», «Богаты вы степи казахские», «Джут – казахский голодомор», «О казахском языке», «Сказка о Козы Кор­пеше и Баян Сулу», «Абай», «С.Торайгырову поэту-демократу», «Наурыз мейрамы» және т.б. өлең-жырлары – соның дәлелі. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарық көрген «Жаса, Қазақстан» өлеңдер кіта­бында да қазақ жеріне деген сү­­йіс­­пеншіліктің күйі төгіліп тұр. Бұл жинақта танымал ақын Айбек Оралхан Костя ағайдың бір­­қа­тар өлеңін ана тілімізге ауда­рып беріп, ақынның жүрек түп­кірін­дегі қазақ ұлтына деген махаббатын жеткізгендей болған еді.

– Қазақстан халқы Ассам­блеясы құрылған уақытта біздің қоғам үшін аса қажетті инсти­тут болғаны анық. Себебі ол кезеңде өзге ұлт өкілдерін моральдық тұр­ғыдан тәрбиелеп, жас Қазақстан мемлекеті енді кеңес өкіметі­нің бөлшегі емес, мүлде бөлек, тәуелсіз, азат ел екенін ұғындыру міндеті тұрды. Ол миссияны Ассамблея адал атқарды деп ойлаймын. Ендігі мақсат –  өзге ұлт өкілдері мемлекет құраушы қазақ ұлтының айналасына топтасуы керек. Көптеген елде дос­тарым, бұрынғы көршілерім, таныстарым тұрады. Айтуларынша, Германияда әркім өзін неміс, Францияда французбын деп есептейді. Мен өзімді қазақ деп санаймын. Бірақ бұл ұғым отандастарымыздың көбі үшін әлі де алыс екенін байқаймын. Оған себеп болатын факторлар көп. Ассамблеядағы ұлттық орталықтар өз тілдерін, салт-дәс­түрлерін үйретіп, ұлттық мен­талитеттерін егіп жатыр. Біз Қазақ жерінде тұрған­дықтан мұндай орталықтар қазақ­тың тілін, мәдениетін, болмы­сын үйретсін, қазақтың тілін күн­делікті тұрмыста қажет­сіне­тіндей дәрежеде балаларына меңгертсін. Кезінде менің ата-анам қуғын-сүргінге ұшырап, қазақ жеріне келгенде оларды қазақтар бауырына басып, аман алып қалған. Ал мен сол қасиетті топырақта өстім, жетілдім. Ендеше, мен толыққанды қазақпын! Қазақ мемлекеті мүддесіне қызмет етуді қасиетті борыш санаймын, – деп толғанды Константин Васильевич.

Сөз соңында Костя ағай тарих ортақ, тіл ортақ, мәдениет ортақ болатын кезеңге келе жатырмыз, қазақстандықтардың алтын арқауына айналған Қазақстанның бүгінгі ұстанымы соны көрсетеді деді. Әркім сол ортақ шаңырақтың мүддесіне қызмет етсе, одан артық бақыт жоқ.

 

Павлодар облысы