Қоғам • Бүгін, 10:40

Қызылжардың алғыр азаматы

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавлда қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүретін осы жігітті жиі көремін. Ол әкімдіктегі де, қоғамдық ұйымдардағы да жиындарға қатысып, өзінің пікірін батыл білдіріп, елдік іске жанашырлық танытып жүреді. Тіпті бірде Петропавлдың Қызылжар аталуына да өзінің шынайы пікірін айтып, шаһардың қазақша аталуы тарихи әділеттік екенін орыс тілінде дәлелдеп, әлеуметтік желіде жариялады.

Қызылжардың алғыр азаматы

Бұл жігіттің есімі – Зәкіржан Мамлютов. Татар ағайынның баласы. Ата-анасы Петропавлдың жанындағы Мамлют деген ша­ғын қалада туған. Бұл қаланың Зәкіржанға тікелей қатысы бар. Өйткені осы жерге оның арғы бабасы Мамлют ақсақал Қазаннан арбамен көшіп келіп, алғашқы болып қоныс салған екен. Содан қазақтар осы жерді Мәуліт атап кеткен. Орысша жазбада ол кейін Мамлютке айналған.

Зәкіржанның анасы Тараз­дағы жоғары оқу орнына түсіп, мамандығын сонда алады. Ал әкесі Петропавлдың пединс­титутын бітіргенімен сүйген қызының жанына барып, екі жас үйленген соң Тараз қаласында тұрып қалады. Содан жас отбасы табиғаты жайлы Таразда 20 жылдай өмір сүріп, туған жерге бертін ғана қоныс аударады. Зәкіржан мен қарындасы сол қалада 1981 жылы дүниеге келген.

Зәкіржанның әкесі Харис жастайынан спортпен айналысып, кейін өзі айналысқан еркін күрестен әлі күнге жаттықтырушы болып келеді. Ал анасы мектепте еңбектен сабақ береді. Өз еңбегімен күн көрген отбасы баласын да еңбекқорлыққа баулып өсіргені көрініп тұрады.

Зәкіржан Солтүстік Қазақ­стан университетін «Бүкіл­әлемдік тарих» мамандығы бо­йын­ша 2002 жылы бітірген. Студент болып жүрген жылдарында да қоғамдық өмірге белсене араласып, тең құрбысының алды болып жүретін. Қандай ор­тада болсын білімсіз адам қамал алмайтынын сезген ол, білімін жалғастырып, заң академиясында да оқып, диплом алады. Ал 2020 жылы журналистиканың магистрлігін бітіреді.

Көп білімнің пайдасы оның жан-жақтылығын арттырып, бизнесті де, қоғамдық істерді де, тіпті әкімдікпен жақындықты да қатар алып жүруіне мүмкіндік берген. Ол – қазір «KZ Медиа» компаниясының директоры және «KZ News» ақпараттық порталының басшысы. Соңғы шақырылымда ол Петропавл қала­лық мәслихатының депутат­тығына сайланған. Зәкіржан – сондай-ақ облыс әкімінің креатив­тік экономика жөніндегі кеңесшісі. Әрине, ол қаладағы татар этно-мәдени орталығының жұ­мысына атсалысып, ҚХА жұ­мы­сына да қолдау білдіріп жүреді.

«Біздің қаладағы мәселелердің ең үлкені – жолдардың жарам­­сыз­дығы, қоқыстың шыға­рылуы, қаланың әлсіз жарық­тан­ды­рылуы. Осыларды мәсли­хаттың оты­рыс­тарында үнемі қызу тал­қы­лап, сұраулар береміз. Өзім нақты айналысып жүретін тағы бір мәселе – қаламызда жас­тар­дың тұрақ­тануы. Биыл креатив орталықты да сол үшін ашып, шығармашыл жастар үшін ша­һары­мыздың тартымды болуын көздеп отырмыз», дейді ол.

Күні бойғы алысқан бизнес, түрлі жобалар, кездесулер, қоғам­дық жұмыстардан шарша­ғанда Зәкіржанды үйінде сүйген жары Регина, қос қызғалдағы Ясмин мен София қарсы алады. Регина да – татар қызы, семейлік. Отбасында қазақ тілі жат емес, татар тілін де қолдануға тырысады. Зәкіржан тіл сақталмаса, ұлттың жұтылатынын жақсы біледі. Ол қазақтар сияқты өзінің жеті атасын да айтып бере алады. Сондықтан әулетінде туған тілінде сөйлесуге тырысады.

 

Петропавл