
Сурет: qaz-media.kz
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бұл жобамен қазір бір мыңға жуық студент оқып жатыр. Олар Қазақстаннан ғана емес, жақын шетелден де келген. Әзірге қос дипломдық бағдарламаға ауыл шаруашылығы мен инженерия, ІТ-ге қатысты мамандықтар енгізілген. Олар: Биотехнология; Басқарудың ақпараттық жүйесі; Білімдегі психология; Алғашқы білім және инклюзивтік тәжірибе және Арнаулы білім және инклюзивтік тәжірибе.
Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, ал оқытушылар құрамы Қазақстанмен қатар АҚШ, Түркия елдерінен келген. Солардың ішінде студенттерге Андреа Зукколо, Джелал Чекен, Сауле Мусурова секілді профессорлар дәріс оқиды. Жуырда Америкадан тағы да Род Винг, Дженнифер Винг, Владлена Харченко сияқты профессорлар келіп, флора мен фаунаның секвентум (жалғастық) мәселелеріне қатысты семинар өткізіп жатыр. Ал профессор Тони Спаркс бірлескен бағдарлама бойынша инклюзивтік педагогика мәселелерін қадағалайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасында отандық университетті ғылыми зерттеу жоғары оқу орнына айналдыру туралы айтылған еді. Осыған орай ғылымға студенттерді тарту көзделген. Бұл күрделі жұмыс Солтүстік Қазақстан университетіне жүктеліп, ауыл шаруашылығы, инженерия және ІТ бағыттарын игеру қолға алынған-ды. Оны жеке-дара іске асыру қиын болғандықтан Аризона университетімен іскерлік байланыс пен ынтымақтастық орнады. Біздің студенттер алдымен 3-курсты өзімізде оқып, қалған оқуды Тусон қаласына барып жалғастырады. Жоғарыда айтқанымыздай, биыл күзде алғашқы 40 студент Америкаға аттанады. Ал келесі жылы 125 студент барады деп жоспарланып отыр.
Америкалық профессорлар Қазақстан студенттерінің білімге деген ынтасы жоғары екенін айтады. «Олардың бәрі де терең білім алуға құштар екенін байқадық. Бізге берген сұрақтары да алып жатқан мамандықтарымен тығыз байланысты болды. Өздерінің тезірек Аризонаға барғысы келетіндерін де білдірді», деді профессор Род Винг.
Сонымен бірге америкалық ғалымдар еліміздегі су жәндіктерінің геномикалық жалғастық мәселелерін де зерттейтінін жеткізді. Осыған орай Каспийдің итбалығынан сынама алмақ екен. Су ресурстарын зерттеу бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен қатар Қытайдың Солтүстік-Батыс ауылшаруашылық және орманшаруашылық университетімен үшжақты келісімге қол қойылған көрінеді. Айта кетейік, виза алу мен бару-қайту шығыны университеттің есебінен, осының өзі студенттерге зор көмек екені даусыз.
ПЕТРОПАВЛ